"Балалардың жеке кабинасы бейнеге түспейді": Дәретханаға камера қойған мектеп

Көкшетаудағы мектептердің бірінде дәретханаға бейнебақылау камерасы орнатылды.

Бірақ бұл бастамаға ата-аналардың көбі қарсы. Айтуынша, олардан ешкім рұқсат сұрамаған.  

Камералар №6 мектеп-лицейіндегі ұл балаларға арналған дәретханаға орнатылған. Білім бөлімінің өкілдері бұл шара қауіпсіздік үшін жасалғанын айтады. Себебі әжетханада төбелес, әлімжеттік жиілеген. Оған қоса, мүлікті қирату деректері де азаймай тұр дейді олар. Осы тәртіп бұзушылықтардың алдын алу үшін бейнебақылау камераларын орнатуға мәжбүр болған.

Сондай-ақ құрылғы тек дәретхананың дәлізін ғана түсіреді. Қазір ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

“Алдында бірнеше оқиға болған. Баланың құқық бұзушылығы. Қазір камералар тек әжетхананың кіреберіс жағын, қол жуатын жерді, есікті түсіреді. Ал, балалардың жеке кабиналары бейнеге түспейді”, – дейді Көкшетау қаласы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нажимеден Нұралин.