Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан «аспан шұңқырлары» туралы BBC материалына сүйенген Aikyn.kz қытайлық үңгірлердің құпиясын талдайды.
Ерлі-зайыпты Руй мен Майкл мөлдір әктас жартастың шетінде тұр. 100 метрден астам төменде ежелгі ормандар, өсімдіктер мен жануарлардың жоғалған әлемі жатыр. Мыңдаған жылдар бойы бұл «аспан шұңқыры» немесе қытай тіліндегі «тянькенг» зерттелмей қалған. Бірақ дрондар мен бірнеше батыл зерттеушілер динозаврлардан кейін ешкімнің табаны тимеген жерлерге түсіп, жаңа қазыналар тапқан. Осылайша Қытайдың карст шұңқырларын туристер қызыға баратын тартымды нысандарға айналдырды.
Дүниежүзіндегі 300-ден астам шұңқырлардың үштен екісі Қытайдың батыс аудандарында орналасқан. Оңтүстіктегі Гуанси провинциясында 30 белгілі тянькенг бар. Тағы бір ірі шұңқыр екі жыл бұрын табылды: биіктігі 40 м болатын ағаштары бар ежелгі орман. Жердегі бұл қуыстар ғасырлар бойы бірегей, нәзік экожүйелерді сақтап қалған. Бұл жерде уақыт тоқтап қалған сияқты. Дегенмен шұңқырлардың ашылуы туристер мен зерттеу топтарын көптеп қызықтырып, сирек кездесетін ормандар мәңгілікке жоғалып кету қаупі күшейді.
Жартастан қарағандағы көрініс
25 жасар Руй тереңге қарап: «Мен бұрын-соңды мұндай тереңге түскен емеспін. Бұл өте керемет. Бұл алғашқы түсу, бірақ соңғы емес», – дейді.
Руй мен Майклды жардан түсірмес бұрын олардың әбзелдерін мұқият тексерген Фэй Ге, тұңғиыққа түсудің қалай екенін бәрінен де жақсы біледі. Ол алғашқы зерттеушілердің бірі болды. Қазір жасы 50-ден асқан ол адамдарға Гуанси шұңқырларының құпияларын ашуға көмектесіп, гид болып жұмыс істейді. Жақын маңдағы ауылда өскен Фэйге үлкендер «бұл шұңқырлардан алыс жүр» деп кеңес берген. Ауыл тұрғындары егер адамдар шұңқырларға кірсе, жындар қатты жел мен жаңбыр әкеледі, елестер тұман мен түтін әкелді деп ойлаған.
Фэй Ге (оны Фэй ағай деп те атайды) бұл шұңқырлардың өзіндік микроклиматы бар екенін кейін білді. Үңгірлерде жел соғады, ал үңгір ішіндегі өзендердің буланған суы тұман тудырады. Ақырында Фэй ағайдың қызығушылығы артып, бала кезінде шұңқырға түсудің жолын табады.
«Әрбір кішкентай жартас қатты дыбыстар мен жаңғырықтар тудырады. Жел, жаңбыр және тіпті «шағын торнадо» болады. Алғашында қорқатынбыз», – деп есіне алады ол.
Бірақ ол шұңқырларды зерттеуді жалғастыра береді. Ол ғалымдарды осында түсіргенде ғана бұл шұңқырлардың қаншалықты ерекше екенін түсінеді:
«Мамандар таңғалды. Олар жаңа өсімдіктерді тауып, ондаған жылдар бойы биологиямен айналысса да бұндай түрлерді ешқашан көрмегендерін айтты. Олар қатты толқыды. Өзіміздің жанымызда ғажап жаңалықтар бар екеніне сене алмадық».
Ғалымдар өз тұжырымдарын журналдарда жариялап, олардың ашқан жаңалықтары тараған кезде, басқалар да шұңқырларды зерттеуге келе бастайды. Фэй соңғы 10 жылда Ұлыбритания, Франция және Германиядан зерттеушілер келгенін айтады.
Әлемде бұндай сақталған карстік шұңқырлар сирек кездеседі. Қытайда, атап айтқанда Гуансиде әктастың көптігіне байланысты олардың саны өте көп. Жер асты өзені айналадағы әктас жыныстарды баяу ерітетіндіктен, ол жоғарғы жағы кең үңгірлер туғызады. Ақырында жер үңгірленіп, саңылау қалдырады. Оны шұқыр деп санау үшін оның тереңдігі мен ені кемінде 100 м болуы керек. 2022 жылы Гуансиде табылған карстік шұңқыр сияқты оның кейбіреулері әлдеқайда үлкен: жер бетінен 300 метрге тереңдеп кеткен, ені 150 метрді құрайды.
Ғалымдар үшін бұл үңгірлі шұңқырлар жойылып кетті деп ойлаған жануарлар мен өсімдіктерді зерттеуге мүмкіндік беретін уақыттарға (артқа) саяхат. Сондай-ақ олар бұрын-соңды көрмеген немесе білмейтін түрлерді, соның ішінде жабайы орхидея түрлерін, ақ үңгір балықтары мен әртүрлі өрмекшілер мен ұлулар тапқан. Жер опырылып төмен түскендіктен бұл өсімдіктер мен жануарлар биік жартастармен, үшкір таулармен және әктас үңгірлермен қорғалған, олар терең жер астында өседі.
Үңгірдегі өмір
Руй ауада қалқып шұңқырға түсіп бара жатқанда қуаныштан айқайлайды, содан кейін төмен түсе бастайды. Бұл оның және Майклдың шытырман оқиғасының басы ғана. Олар терең үңгірге жеткенше арқанмен жұмыс істеуі керек. Сталактиттер лабиринтімен біраз жүрген соң Майкл қараңғы үңгірге кіреді. Бұл шанхайлық ерлі-зайыптылардың Гуансиге екі апталық демалысының басты оқиғасы. Қытайда ұзақ уақытқа созылған COVID карантині кезінде олар дәл осындай демалысты армандаған болатын.
«Туризмнің бұл түрі қытайлық интернетте барған сайын танымал болып келеді. Біз оны көргіміз келді және бұл өте әдемі деп ойладық. Сондықтан біз осындамыз», – дейді Майкл.
Гуансидегі үңгірлер туралы видео әлеуметтік желіде тез тарап кетті. Жастар үшін қызық әрі батыл ерлік болған саяхат кедейшіліктен жаңадан шығып жатқан провинция тұрғындары үшін аса қажетті табыс көзі. Гуансидің таңғажайып табиғаты бар таулы жерлерде егістікке жарамды жерлер аз, ал таулы шекаралар Қытайдың қалған бөлігімен және көрші Вьетнаммен сауданы қиындатады. Бірақ мұнда адамдар сұлу табиғатты көру үшін келеді. Солтүстіктегі Гуйлинь мен Яншуоның тұнық өзендері мен биік карст шыңдары жыл сайын миллионнан астам қытайлық туристерді тартады. Гуансидің тұманға оранған суреттері 20 юаньдық купюраға да салынған.
Ал, әзірше, шұңқырларға ең жақын елді мекен Пинъэ ауылы туралы естіген адам аз. Бірақ бұл жақын уақытта өзгереді. Фэй келушілердің үздіксіз ағыны Пинъэдегі кейбір адамдардың тағдырын өзгертіп жатқанын айтады.
«Бұрын кедейлік жоғары болатын. Біз туризмді дамыта бастадық, бұл көп пайда әкелді. Мысалы, тасжолдар салынған кезде. Бізде өте құнды нәрсе бар екеніне өте қуаныштымыз».
Дегенмен туризмнен түсетін табыс ғылыми зерттеулердің қажеттіліктерінен асып түсуі мүмкін деген қауіп бар. Пинъэден шамамен 50 шақырым жерде зерттеушілер әлемдегі екінші ең терең шұңқыр Дашивэйді тамашалайтын ең биік бақылау палубасын салды. Туристер бұл ерекше «аспан шұңқырына» 500 метр биіктіктен қарай алады.
Қытайдағы жетекші зерттеуші доктор Лина Шен: «Біз мұндай мекендеу орындарын жақсырақ қорғауымыз керек. Шұңқырлар – көптеген сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктердің баспанасы. Біз жаңа ашулар жасауды жалғастырамыз», – дейді.
Шұңқырларды зерттей отырып, ғалымдар Жердің ондаған мың жылдар ішінде қалай өзгергенін білуге және климаттың өзгеруінің әсерін жақсырақ түсінуге үміттенеді. Гуансидегі бір шұңқыр орхидеялардың бірегей сорттарын қорғау мақсатында туристер үшін жабылған.
«Шамадан тыс даму орасан зор зиян келтіруі мүмкін. Біз олардың бастапқы экологиялық жағдайын сақтауымыз керек. Әуе шарлары, аэрофототүсірілімге арналған дрондар және қашықтықтан қарауға арналған маршруттар туристерге шұңқырларды жақыннан, бірақ қашықтан көруге мүмкіндік береді. Бұл шұңқырдағы жануарлар, жәндіктер мен өсімдік әлемін сақтайды», – дейді доктор Шен.
Ал Фэй болса бұнымен келіспейді, шұңқырларды және оларда не бар екенін қорғаудың «анық ережелері» бар екенін айтады. Қарапайым ауыл тұрғыны Фэй үшін шұңқырлар өмірін өзгерткен құнды олжа. Ол қазір Гуансидегі ең білікті альпинистердің бірі және туристер мен ғалымдар үшін танымал гид, бұл оны «өте бақытты» етеді.
Біз шұңқырдың ішіндегі бірнеше гектарға созылған орманды аралап келе жатқанымызда, ол үстіміздегі тасты көрсетті. Ол төбеден аққан сарқырамаларды көру үшін жаңбырдан кейін келу керектігін айтады. Бұндай әдемі көрініс қайтып оралуға тұрарлық екенін айтып сендіруде. Руй мен Майклды арқанмен байлап, бір-біріне көмектесіп үңгірге одан әрі тереңдеп барады. Олардың астында алаудың жарығы түскен тар жарықшақ қана көрінеді. Бұл өзен арнасынан қалған, осы шұңқырды жасаған катализатор.
«Біз ғажайып саяхат пен осы жерді қорғау арасындағы тепе-теңдікті табуымыз керек», – дейді Майкл жан-жағына қарап. Ол ақырын төмен түсіп, күлімдеп үңгірге кіріп көрінбей кетті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.