Түркістан облысының тұрғыны үш айдан бері әділдікке қол жеткізе алмай жүргенін айтты. Өзі – бес баланың анасы. 2021 жылы перзенттерінің бірінде шизофрения диагнозы барын білген. Содан бері қызын психикалық денсаулық орталығына жатқызуға мәжбүр.
Көпбалалы ананың айтуынша, қызы орталықтан емделіп шығады деп үміттенген. Ол қызының ол жерден жүкті болады деп үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Қызының жүкті екенін араға уақыт салып білген екен.
"Қызым жындыханадан келгелі құсып, бүк түсіп жата беретін болды. Кейін қызыммен бір палатада жатқан науқас бойжеткеннің ағасы үйге іздеп келді. Ол орталық қызметкерлері қарындасын зорлағанын, менің де қызымды қорлағанын айтты. Алғашында сенбедім. Оған ұрсып, қарсылық білдірдім. Содан соң қызымды ертіп дәрігерге бардық. Сөйтсем қызымның ішінде екі жарым айлық сәби бар екен. Қызымды ол жерге зорласын деп емес, емделсін деп жібердім ғой?!", – дейді жәбірленушінің анасы.
Бойында бала барын білгесін қызының жүйкесі одан әрі жұқарған. Қолына түскенді сындырып, ашуға булыққан қызын қайта орталыққа апарудан анасы бас тартқан.
"Екі санитар қызымды камера жоқ жерге апарып, қорлаған. Шатырға, баспалдаққа, теледидар бөлмесіне апарып зорлаған. Егер айтқанына көнбесе ұрып-соққанын айтады. Жасарын жасап, бейкүнә қызымды қорлаған олар әлі де жазаланбай жүргеніне ашынамын. Полиция арызымды араға апта салып қабылдады. Кімге сенерімді білмеймін. Құқығымды қорғайды деген құзырлы орган екі айдан бері қимылсыз отыр. Перзентімді емдейді деген психикалық орталық мамандары қорлап жіберген", – дейді жәбірленушінің анасы.
Психикалық денсаулық орталығынан жүкті болып оралды деген бойжеткен кәмелет жасына да толмаған. Жүйкесі одан әрі жұқарған қызына анасы жасанды түсік жасатқан.
Түркістан облысының психикалық денсаулық орталығында қорландым дегендер қатары мұнымен шектелмейді. Олардың үстінен тағы бір қыздың анасы полицияға арызданғанымен ештеңе өзгермеген.
"Түн ауғанда қыздарды әкетіп, қол-аяқтарын байлап, дәрі егеді екен. Сөйтіп, бірнешеуін қорлаған. Шағымданса, психикалық ауытқушылықтарын алға тартып, құтылады. Біреуінің жүкті болғаны-ақ дәлел емес пе? Біз осыны айтып полицияға шағымдандық. Бірақ бізді қорғайтын ешкім жоқ сияқты. Жаздан бері арызды қабылдамай, екі ай бұрын ғана алды. Оның өзінде тергеу жүргізіліп жатқан жоқ", – дейді тағы бір жәбірленушінің анасы.
Орталықтағы жағдай туралы мекеме басшылығы пікір білдіруден бас тартты. Ал құзырлы орган өкілдері "зорлау" бабымен қылмыстық іс қозғалып, сараптама жасалып жатқанын жеткізді. "Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар өткізілуде. Нәтижесі бойынша процессуалды шешім қабылданатын болады", – дейді Шымкент қаласының ПД өкілдері.
Бұл туралы жазған Nur.kz сайты екі науқас та қазір психикалық денсаулық орталығында емес, үйінде жатуға мәжбүр дейді. Тергеудің басталуын күткен олар қыздарына қорлық көрсетті деген санитарлардың әлі күнге дейін сол қызметінде жүргенін хабарлады.