Көлікті тұраққа емес, аула ішіне қойғанға айыппұл қанша салынады?

Кейбір жүргізушілер көліктерін тұрғын үй аулаларында бейберекет қалдырып, тұрғындарға қолайсыздық тудырып жатады. Бірден смартфон арқылы полицияға арызданса, тәртіп бұзушыларға айыппұл салынады.

Арнайы бөлінген тұрақтарда көліктер орындарын бөліп, кіру және шығудың ыңғайлылығын қамтамасыз ететін белгілер бар. Десе де, кейбір жүргізушілер аулаларда көлікті қолайсыз жерде қалдырып, басқа автокөліктер мен жаяу жүргіншілерге кедергі келтіретіні тағы бар. Мұндай әрекет үшін 102 нөміріне қоңырау шалып немесе полицияның мобильді қосымшасы арқылы хабарласа, жауаптыларға айыппұл салынады.

Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелеріне (ЖҚЕ) сәйкес, аялдама – жолаушыларды отырғызу немесе түсіру, көлік құралын тиеу немесе түсіру үшін бес минутқа дейін және одан да көп уақытқа (қажет болған жағдайда) қозғалысты тоқтату. Ал тұрақ – көлік құралының жүрісін жолаушыларды отырғызуға немесе түсіруге не көлік құралын тиеуге немесе түсіруге байланысты емес себептер бойынша бес минуттан асатын уақытқа тоқтату.

Жол қозғалысы ережесінің 12-тарауының 87 және 88-тармақтарына сәйкес гүлзарларға, көгалдарға, балалар және спорт алаңдарына тоқтатуға және көлік құралдарын қоюға тыйым салынады. Ал 85-тармақта жаяу жүргіншілер жүрісіне кедергі келтірмейтін жағдайда жүру бөлігімен шектесетін, оған толықтай не ішінара кіретін тротуардың шетінде, жеңіл автомобильдердің, мотоциклдердің, мопедтердің және велосипедтердің тоқтап тұруына рұқсат етілген. 

Аулада көлік тротуарға (жаяу жүргіншілер қозғалысына кедергі келтіретін), гүлзарға, көгалдарға, балалар немесе спорт алаңдарына қойылған болса, онда қазақстандықтарға 10 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін (ӘҚБтК 597-бабы). Биыл бұл сома – 36 920 теңге болса, 2025 жылы АЕК пен басқа да көрсеткіштердің өсуіне байланысты өзгеруі мүмкін. Дәл осындай жаза басқа көліктердің қозғалысына кедергі келтіргені үшін де қолданылады. Ал бірінші айыппұл салынғаннан кейін 12 ай ішінде тәртіп бұзушылық қайталанса (барлық көрсетілген жағдайларда) сома 15 АЕК – 2024 жылы 55 380 теңгеге және 2025 жылы 58 980 теңгеге дейін артады. Сондықтан, басқа тұрғындарға қолайсыздық тудырмай, айыппұл арқаламас үшін көрсетілген талаптар мен ережелерді сақтаған жөн.