ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың сүйегіндегі метастазды емдеудің бірегей әдісі қолданысқа енгізілмек, – деп хабарлайды Aikyn.kz ҚР ПІБ МО баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай инновациялық терапия пациенттерге асқынып кеткен қатерлі ісікпен күресудің жаңа тәсілдерін ұсына отырып, онкологиялық көмек сапасын арттырудағы маңызды қадам болмақ.
Әдіс "Самарий, 153sm-Оксабифор" радиофармацевтикалық препаратын қолдана отырып жасалады. Бұл препарат метастаз немесе сынған жер секілді сүйектің зақымданған аймақтарына жиналады да сау тіндерге әсер етпестен оларды β-бөлшектермен сәулелендіреді. Әдіс белгілі бір бөлікке бағытталғандықтан ауырсынуды жеңілдетіп, дәрілерге деген қажеттілікті азайтады, сондай-ақ сүйек тініндегі сырқаттың асқынуын баяулатуға көмектеседі.
– Әдістің ерекшелігі – дәстүрлі емдеу тәсілдерінде болатын жанама әсер мен қауіп азайып, пациенттердің өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарады. Бұл, әсіресе, созылмалы сырқат пен метастазы асқынғаннан зардап шегетін науқастар үшін өте маңызды, – дейді Денсаулық сақтау министрлігінің Ядролық медицина жөніндегі штаттан тыс бас маманы, Президент Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова.