Атырауда 200-ге жуық мал карантинге жабылды

«Сібір жарасынан» бүгінге дейін үш сиыр өлген.

Атырауда «сібір жарасына» байланысты, «Асыл агро» мал базары қатаң карантиндік режимге жабылды. Карантин 8 желтоқсанға дейін жалғасуы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, бүгінгі таңда Атырауда «сібір жарасына» байланысты арнайы жұмыс тобы құрылған. 

«Сібір жарасынан» күні бүгінге дейін үш сиыр өлді. Базардағы басқа малдың барлығына профилактика үшін «сібір жарасына» қарсы вакцина салынды. Базардағы инфекция ошағын жою үшін, ол жерде қазір арнайы мамандар карантин жағдайында жұмыс істеп жатыр. Сондай ақ, базардың өзі таза және лас аймаққа бөлінді. Бүгін «таза аймаққа» малдың барлығы толық көшірілді. Жануарлардың дене қызуын, жағдайын бақылау шаралары таза аймақта жалғаса береді. Атырау қаласы бойынша өзге де мал базарларынан және ет сату дүкендерінен сынама алу жалғасуда», – деп нақтылады Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Белгілі болғанындай, бұған дейін «сібір жарасын» жұқтырған қасапшы инфекциялық ауруханада ем алып жатыр. Оның өзбек азаматы екені анықталды.

Ауру малдың тасымалымен, күтімімен айналысқан тағы 16 адам және инфекция ошағында жұмыс істеп жатқан мамандардың барлығы дәрігерлердің бақылауына алынды.

Баян Жанұзақова