Дональд Трамптың басты қарсыласын анықтау ақырғы кезеңіне таяды. Барак Обама тұсында вице-президент болған Джо Байден кейінгі праймериздерде күтпеген жерден суырылып алға шықты. Ол демократтардың 6 штатта өткен сайлауалды аламанында қатарынан жеңіске жетіп, көшбасшылық тұғырына қайта қонған.
Күні кеше Миссури мен Миссисипи штаттарында сайлау учаскелері жабыла салысымен-ақ бұрынғы вице-президент командасы жеңісті тойлауға кіріскен. Өйткені Миссисипиде оның 80%, ал Миссуриде шамамен 60% дауыс жиғаны айқындалды. Ізінше Мичиган штаты да осы үміткерді қолдағаны белгілі болды. Бұл штаттар президенттік лауазым үшін күресте маңызды. Жалпы, алты штат та «егер Демократиялық партия атынан Джо Байден бәйгеге түссе, соған дауыс беруге дайын» екенін паш етті. Праймериз Байденді афроамерикалықтар басым он штаттың алтауы, сондай-ақ мегаполистердегі солшыл идеализмді жақтырмайтын ауыл-аймақ қызу қолдайтынын аңғартты.
«Берни Сандерсте президенттік таққа таласуда мүмкіндік қалған жоқ. Байден барлық жерде жеңіске жетіп жатыр. Телеарналар да Демпартия атынан жалғыз кандидат ретінде соның ұсынылатынын мәлімдеуде», – деді экс-үміткер Том Стейер штабының кеңесшісі Кевин Кэйт.
Алайда Сандерс жарыс жолынан шығатынын жарияламады. Ол ұзақ уақыт бойы праймериздердің жеңімпазы болып келген-тін. Алайда өткен аптада бірден 14 штатта және АҚШ-тың Тынық мұхиттағы боданы Самоада ұйымдастырылған «Суперсейсенбі» (Super Tuesday) науқаны тосын нәтиже әкелді: 10 штат сайлаушылары Джо Байденді басты үміткер ретінде көргісі келетінін білдірген. Қалған 4 штат Берни Сандерсті таңдады. Осы аптада Миссури, Миссисипи, Мичиган, Солтүстік Дакота, Айдахо және Вашингтон штаттарындағы праймеризде Байден жеңіс шеруін жалғастырды.
Айта кетер жайт, коронавирус үлкен саясатқа да ықпал етуде. Қытайдан тараған кесел кесірінен Джо Байденге де, Берни Сандерске де бірқатар штаттардағы өз жақтаушыларымен кездесуден бас тартуына тура келген. Ал індетке шалдыққан алғашқы науқастар тіркелген Вашингтон штатында сайлаушыларға сайлау учаскелеріне келмеу, дауыстарын пошта арқылы жолдау ұсынылды.
Осы орайда, кейбір сарапшылар мен Демпартия белсенділері өзге штаттардағы алдын ала сайлауды тоқтатуды ұсынуда. Олар Джо Байденнің жеңгеніне бек сенімді.
«Есеп айқын және түсінікті. Байден президент лауазымына Демократиялық партия атынан ұсынылатын басты номинант. Біз биылғы қарашада оның Дональд Трампты шаң қаптыруына қолдан келген барлық көмекті көрсетеміз. Басқалар осы күресте бізді қолдайды деген үміттемін», – деп жазды Twitter парақшасында Priorities USA Action Саяси белсенділік суперкомитетінің (super PAC) басшысы Гай Сесил. Түсіндіре кетсек, Америкада осындай суперкомитеттерге қандай да бір кандидат үшін шектеусіз көлемде қаражат жинау құқығы берілген. Биыл осы топ Д.Трампқа қарсы күрес үшін 150 миллион доллардан кем емес қаражат құюға міндеттеме алды.
Дегенмен партия атынан президенттік сайлауға түсетін жалғыз кандидат алдағы жазда, Демократиялық партияның Ұлттық конвенциясы жиынында түпкілікті таңдалады. Ұлы құрылтайда жарыс жолында қалған үміткерлердің бірі 3 979 делегаттың 1 991-інің дауысын жинауы тиіс. Демпартияның Ұлттық конвенциясы 2020 жылғы шілдеде Висконсин штатындағы Милуокиде ашылмақ.
Осыған дейін аламан жолында Демпартия атынан бес кандидат болған. Бірақ «суперсейсенбі» олардың кем дегенде үшеуінің әрі қарай додаға қатысуы мәнсіз екенін көрсетті. Конгресмен Тулси Габбард сайлау қорытындысында америкалық Самоадағы жалғыз ғана делегаттың дауысына ие болып, аутсайдерге айналды. «Қандай қиындыққа да шыдаймын, сайыстан қаймықпаймын» деп уәде еткен сенатор Элизабет Уоррен тіпті туған жері Массачуссетс штатында Джо Байденге жол берді.
Нью-Йорктің бұрынғы мэрі, өзін-өзі жарнамалауға қалтасынан жарты миллиардтан астам доллар шығындаған Майкл Блумберг тек Самоадағы праймеризде ғана жеңіс тұғырына көтеріле алды. Вирджинияда сайлаушылардың бар-жоғы 10%-ы оған ықылас білдірген. Қалған штаттардағы нәтижесі бұдан да нашар. Ақпарат агенттіктері оның жарыстан кететінін хабарлап та қойды. Әйткенмен, Блумберг аяғына дейін баратынын және биылғы сайлауда Трамппен жағаласуға ниетті екенін мәлімдеді. Неге екені белгісіз, мультимиллиардердің сайлауалды штабының өкілдері АҚШ-тың бірнеше телеарнасына берген сұхбатында экс-мэрдің шынымен президенттік доданы тәрк етуі және өзге үміткерлердің біріне қаржылай көмек көрсетуі ықтимал екенін жеткізді. Мұнысы негізсіз де емес: роликтерде өзін сенімді ұстаған Майкл Блумберг дебаттарда күйгелек әрі әзіл-қалжыңнан құралақан жан екенін байқатып алды.
Социалист Б.Сандерс АҚШ-тың ауқаты аз тұрғындарының және испантілді америкалықтардың кең қолдауына ие. Бұқара оның жоғары білімді және медицинаны тегін етемін деген уәдесіне елтиді. Қаржыгерлер Құрама Штаттар қазынасында бұл уәдені орындауға қаражат жетіспейтінін дәйектеген. Сандерс-жомарт қажетті ақшаны байлар атаулыға өкіртіп салық салу арқылы табатынын хабарлады.
Дегенмен саясаттанушылар оның суырып салма популизмі Трамптың медиа, бизнес және саясат ареналарында әбден шыңдалған тегеурінді популизмнің қолына су құя алмай қалуы мүмкін деп қауіптенеді. New York Times жазуынша, бұрынғы президент Билл Клинтон «ескі достарымен» бірнеше кездесулер өткізіп, «егер Сандерс Демпартияның кандидаты атанса, президенттік дода кезінде Трамп оны өз алаңында жермен-жексен етеді» деген алаңдаушылық білдіріпті. Демократтар әу бастан байсалдылығымен, ұлттық құндылықтарға беріктігімен белгілі. Егер демагогты беткеұстар етіп, ұтылып қалса, абыройы аймандай болып, ұзақ жылдарға жеңісті көрмеуі ықтимал.
Берни Сандерс үнемі төңкеріске шақырады. Енді өзі әжуаға қалды: «Сандерс халыққа революция жайында айтады ма? Оны ол емес, біз бастап жатырмыз!» деді Super Tuesday-дегі сенімді жеңісін атап өткен Джо Байден.
Сонымен, әзірге Байден – сенімді жеңімпаз, Сандерс – қасарысқан аутсайдер. Әйтсе де шілдеде, Демпартия съезінде Джо Байден жиған дауыс саны 1 991-ге жетпей қалса, қызықтың көкесі сонда болады. Екінші кезеңде делегаттар праймериз кезінде халық жүктеген міндеттемеден құтылып, әрқайсысы өз қалауынша дауыс бере алады. Оларға бұл кезеңде суперделегаттар – сенаторлар, конгресмендер, губернаторлар, экс-президенттер мен партия жетекшілері қосылады. Осы қарақұрым халық басты номинанттың атын атамақ.