Әуежай мен вокзал, мектептер: Астанада 27-28 қарашада қалай жұмыс істейтіні белгілі болды

Астанада 27-28 қарашада әуежай мен вокзал, мектептер штаттық режимде жұмыс істейді, - деп хабарлайды Аikyn.kz

Естеріңізге сала кетейік, Астанада 27-28 қараша аралығында шет мемлекеттер басшыларының қатысуымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) ұжымдық қауіпсіздік кеңесі отырысы өтеді.

Бұған дейін Мемлекеттік күзет қызметі елорда көшелерінің жекелеген учаскелерінде көлік қозғалысы уақытша жабылатынын хабарлаған болатын.

Дәл сол күндері мектептер мен балабақшалар әдеттегідей жұмыс істейді. Ведомство өкілдері сабақтар кейінге шегерілмейтінін атап өтті.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері екі күн – 27 және 28 қарашада Астананың бірқатар жоғары оқу орны білім беру форматын өзгертетінін хабарлады: 4 жоғары оқу орны – қашықтан, 2 жоғары оқу орны – ішінара қашықтан, 2 жоғары оқу орны – каникул (1 триместр), 5 жоғары оқу орны – офлайн форматта білім алады. Бұған қоса, хабарламада оқу форматына қатысты шешімді жоғары оқу орындары қабылдайтыны айтылған.

Сонымен қатар 27 қарашада Астана аспанында Қорғаныс министрлігі майдан авиациясы ұшады деп жоспарлаған.