Базаралы Мүптекеевтің (1967-2015) күйшілік өнерде өз орны бар еді. Жалғыз өзі бір күйшілік дәстүрді ұстап тұрды. Оның зерттелуіне, насихатталуына қосқан үлесі көп. Жүрген жерінде «күй» деп жүретін. Бүгінгі жазуымыз осы Базаралы күйші Мүптекеевті қалың оқырманның есіне бір салып қою. Әсіресе, күйшілік дәстүрді, күйтану секілді ғылым жолына енді ғана түскен жастарға арналады.
Ол күйші еді
Қазіргі кезде домбыра ұстағанның бәрін «күйші» деп жүрміз. Басты принцип домбыра тарта алса болғаны. Ал байырғы уақытта «күйші» терминін оңды-солды қолдана бермейтін. Байырғы уақытта дейміз, осыдан 20 жылдай бұрын «күйші» атанудың өз «ережесі» бар еді. Міне, Базаралы ағамыз осы байырғы күйшілердің бірі еді.
Ол Жетісу күйшілік дәстүрі күйлерінің екінші тынысын ашқан болатын. Сол дәстүрдің соңғы күйші өкілдерін аудио мен видеоға таспалап, нотаға түсіріп, толық ұмытып қалудан сақтап қалған. Және жеке қор ретінде сақтап қана жүрмей, жүрген жерінде шертіп, түсіндіріп жүретін.
Бұл жайлы күйші, профессор Жанғали Жүзбайдың мына бір естелігі еске түсіп отыр.
Базаралы табиғатынан дала дәстүрімен сусындаған күй жырауы еді, домбырасының құлақ күйін бабасы Қожекенің кертолғау күйлерінен бастап, әйгілі Сыбанқұл, Мергенбайлардың мұңлы қоңырларына жалғастырып тараулата шертетін эпиктік қасиет иесі болды. Байжігіт, Тәттімбет, Тоқа, Сүгір, Бейсенбі, Әшім, Қайрақбай, Әйкен күйлерін де аса сергек сезіммен шертіп радионың алтын қорына жазып қалдырды.
Осы жерде ұстазымыз Таласбек Әсемқұловтың мына бір сөзі еске түсіп отыр: «Базаралы менен көп күй үйренді. Келіп-кетіп жүргені жоқ, шынымен отырып Байжігіт пен Тәттімбет күйлері стильдерін меңгерген еді» деген.
Ол зерттеуші еді
Басқа саланы қайдам, біздің күй тану саласында ғалымның екі түрі бар. Бірі жарияланған материалды сараптап, талдап теориялық тұрғыдан зерттесе, екіншілері өздері мәлімет іздеп кетеді. Базаралы Жұмағұлұлы соңғыларынан еді. Сөз басында айтқанымыздан «Жетісудың ән мен күйін айта алатын, шерте алатын кім бар?» дегендей жастайынан дала аралап жүретін. Соның негізінде «Жетісудың оңтүстік-шығыс аймағының күйшілік дәстүрі» атты диссертация жазып, өнертану ғылымының кандидаты атағын алған еді.
Базаралы Мүптекеевтің бірі қыры ел ішін аралап, фольклорлы экспедиция жасап жүретіні дедік. Ол жайлы Б.Жұмағұлұлының үзеңгілесі атанып, көптеген іссапарда бірге жүрген Халықберген Әбілжановтың пікірін сұраған едік.
«Базаралы ағамызбен көп жыл иық тіресіп жұмыс істедік. Ондаған фольклор жинау экспедицияларына бірге аттандық. Мына Ақмола мен Қарағанды облысы, еліміздің оңтүстік аймақтары, тіпті сонау Моңғолия жеріне дейін бардық. Апталап ауыл-ауыл аралап жүретінбіз. Экспедицияда түрлі өнерпаздарды кездестірдік. Кейбірі жасы жетіп, көп нәрсені ұмытып қалған екен. Ал сол ұмытып қалғаны Базыкең үшін құнды дерек. Сонда Базаралы ағамыз асықпай алыстан бастап сұрақ қоя бастайды, әлгі ұмыттым деген адам еміс-еміс еске түсіріп қояды. Осылайша, там-тұмдап деректерді жиып алатын. Аңыз-әңгіме, өлең-жыр секілді құнды дүние білетін адамды көрсе оны видеоға таспалап, диктофонға жазып, қағазға түсіріп алуға асығатын. Көп дүние жасап кетті, алайда істей алатыны әлі одан да көп еді», – дейді Халықберген Әбілжанов.
Сөздің орайы келген соң айта кетейік, біз де Базаралы ағамызбен бірді-екілі фольклорлы экспедицияға шыққанымыз бар. Оның ыждаһаттылығына таңғалатынбыз. Қажетті ақпаратты алудағы жолының өзі ерекше еді. Сондықтан Халықберген ағамыздың сөзіне толықтай қосыламыз.
Ол ұстаз еді
Базаралы ағамыз соңғы 5-6 жылдай Қазақ ұлттық өнер университетінде қызмет атқарды. Өзі басқарған фольклор зертханасынан бөлек, студенттерге лекция оқып, магистрлік диссертацияларының жетекшісі болды. Қызығушылығы бар студентке берер білімі, жеткізер ақпараты көп еді.
Ол қиындықтан қорықпайтын. Бірде басшылыққа қайта-қайта айтып жүріп, Астана маңындағы бір ауылға фольклорлы экспедиция жасамақшы болады. Көрсін-білсін деген ниетпен он шақты студенттерді де ала кеткен. Қалада өскен студенттер ауылға барып, көргенінен шошып, бір қиындық тудырған еді. Студенттер бірдеңе үйренсе деген ғана негізгі ниеті бар Базаралы ағамыз соңына дейін шыдап, сабырлық танытқаны есімізде қалыпты.
Базаралы Жұмағұлұлының ұстаздық қызметі жайлы оның кіші әріптесі атанып, қызметтес болған Сәния Бәженеевадан сұраған едік:
«Базаралы ағамыздың зерттеушілігі, күйшілігі бір төбе болса, ұстаздығы да бір төбе еді. Бүгінгі жеткен жетістіктеріміз сол Базаралы ағамыздың арқасы десек, артық айтпаспыз. Бізге арнайы дәріс оқып, ғылыми жетекшіміз болмаса да ұстазымыз деп толық сеніммен айта аламыз. Студент кезімізден ол басқарған фольклорлы зертханада жұмыс істедік. Тәжірибесін айтып, бөлісіп отыратын. Жұмыс кабинетімізге оның магистранттары келіп, ән мен күйді музыкалық талдау жасағанда керектісін ойымызға түйіп отыратын едік.
Кейде мамандығымыздан тыс жұмыстарды тапсырып қоятын. Енді ғана түсініп жүрміз, оның барлығы бізді бірдеңе артық білсін дегені екен. Қазіргі ЮНЕСКО-ның мәдени мұра жайлы ресми сарапшысы атанып жүргеніміз – сол Базаралы Жұмағұлұлының бірден бір еңбегі. Базаралы ағаның тікелей нұсқауымен «Қазақтың дәстүрлі домбырадағы күй өнері» номинациясын ЮНЕСКО-ның рухани мұра тізіміне қосқан топтың бір мүшесі болып едік. Енді, міне, сол ЮНЕСКО-ның эксперті атанып, жер аралап жүрміз», – деді Сәния Бәженеева.
Шырақшылар – бір қасиетті мекенде отырып, киелі жерге бас-көз болып отыратын адам. Базаралы Мүптекеев те дәстүрлі ән мен күйді сақтап, арасын «бөтен сөзбен былғанбауын» қадағалайтын. Бүгінде Жанғали Жүзбай бастаған үлкендер Базаралы ағаны «Дәстүрі өнердің шырақшысы» деп атап жүргені – сондықтан.
Бұл мақаламыздың негізгі мақсаты – Базаралы Мүптекеевті бір сәтке еске алу. Оның тек қарапайым күйші, құр ғалым, әдеткі ұстаз ғана емес екенін көрсету. Болашақта ғылыми-зерттеу жасалып, оның шығармашылығын біртұтас феномен ретінде қарастылып, көлемді еңбек жазылатынына сенімдіміз.
Рүстем НҮРКЕНОВ, күй зерттеушісі