Ломбардты тонамақ болған жігітке сот үкімі шықты

Шымкентте бетперде киіп ломбардқа басып кіріп, қызметкерді ойыншық қарумен қорқытып, 100 мың теңге талап еткен ер адамға үкім шықты.

Бұл туралы Жоғарғы сот мәлімдеді. 

"Оған ломбардқа телефонын алу үшін кірген 18 жастағы келуші кедергі болған. Қылмыскер оқиға орнында ұсталып, қылмыстың жолы кесілді. Оқиғаға бейжай қарамаған тұрғынға сертификат беріліп, қылмыскер ұсталды", –  делінген хабарламада.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында айыпталушыға қатысты ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі   191-бабы  2-бөлігінің 1-тармағы ("Зорлық-зомбылық қолданамын деп қорқытып, бөтеннің мүлкін ашық ұрлауға оқталу") бойынша  қылмыстық іс қаралды.

Сот талқылауы барысында прокурор айыпты ҚК-нің 24-бабы  3-бөлігі – 191-бабының 1-бөлігімен өзгертіп, "зорлық-зомбылық жасаймын деп қорқытумен" деген біліктілік белгіні алып тастады. 

"Сотталушының кінәсі жәбірленуші мен жәбірленушінің өкілінің айғақтары, бейнежазбалар және басқа да дәлелдемелермен дәлелденді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде сот сотталушыны кінәлі деп таныды.

Жеңілдететін мән-жайларға кінәсін мойындау, жасаған қылмысына шын жүректен өкіну, жастығы, соттылығының болмауы жатқызылды, жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар белгіленбеген. Осыған байланысты сотталушы 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеуге жатады".

Үкім заңды күшіне енген жоқ.