Биыл алғаш рет аймақтық деңгейде ұйымдастырылған әдеби конкурс қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар халық жазушысы, аса көрнекті қаламгер, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойы аясында өткізілді.
Партияның облыстық филиалы ұйымдастырған додада қатысушылар 3 номинация бойынша бақ сынады. Сайысқа 50-ге жуық өтініш келіп түссе, оның 30-ы ақтық кезеңге жолдама алды.
Негізінен «AMANAT» партиясы әрдайым ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттап, отандық авторлардың шығармаларына қолдау білдіріп келеді. Өз кезегінде партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов партия тарапынан тың жобалар кеңінен насихатталып, серпінді бастамалар сәтті жүзеге асырып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ өңірде мәдениет пен әдебиетке қолдау ортаймайтынын тілге тиек етті.
«Аймақ басшысы ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап, құндылықтарды дәріптеу мақсатында биылғы жылды өңірде «Руханият жылы» деп жариялады. Мерейлі жылға тарту ретінде 1 000 орындық «Өнер орталығы», Сыр мәдениетінің негізгі бренді, жыраулық дәстүр өкілдерінің отауы – Жыраулар үйі ашылды. Сырдария өзенінің сол жағалауынан облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты, жас ұрпақтың шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шығармашылық академиясы», 2 ауданда «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі», Сыр топырағында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты салынуда. Аймағымыздың 7 ауданында музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарының іргетасы қалануда. Өңірде атқарылған жұмыстарға халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының шешімімен Сыр өңіріне түркі дүниесінің «Ең үздік мәдени аймағы» номинациясы берілді. Бұл – тұтас Орта Азияда рухани, мәдени кемелденген өңір екенімізді көрсеткен жоғары баға деп білеміз», – деді партияның облыстық филиалының төрағасы.
Сыр өңірінде ұйымдастырылған «Ұлы дала» аймақтық шығармашылық байқауында «Поэзия» жанры бойынша жүлделі үшінші орын Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының мүшесі, Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегері, облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Тұрар Бекмырзаевқа, екінші орын облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының лауреаты, Qyzylorda телеарнасының сарапшы-редакторы Елжас Әбділдаға берілсе, ҚР Журналистер одағының мүшесі, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы, «Сыр дарыны – 2021» номинациясының иегері Дина Бөкебай жеңімпаз болып танылды.
«Проза» жанры бойынша үшінші орын Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Серпін» жастар сыйлығының иегері Гүлнар Дүйсебаеваға, екінші орын «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шығармашылық байқаудың лауреаты, республикалық, аймақтық бірнеше байқаудың бас жүлдегері, Қызылорда облысы әкімінің «Сыр үміті» жастар сыйлығының иегері Ерасыл Шәрібекке бұйырса, ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Жолқараған» жыр жинағының авторы Биболат Сатжанов бірінші орынды жеңіп алды.
Қазалылық Жанар Диханова, Жалағаш ауданынан келген Сандуғаш Жұбанова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенті Алтынай Дулатқызы, «Ескендір ЖК» есепшісі, белсенді жас Рахима Касымова «Балаларға арналған шығарма» жанры бойынша 100 мың теңге қаржылай сыйақы мен номинацияға ие болды.
«Біздің конкурста аталған жанр бойынша қазылар алқасының шешімі бойынша қатысқан 4 шығарманың деңгейлерін бірдей деп бағаладық. Соған орай барлығына бірдей 100 000 теңгеден қаржылай сыйақы қаралды», – дейді қазылар алқасының мүшесі Қуат Ахетов.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай тағайындалған номинация және қаржылай 100 мың теңге сыйақы Арал ауданы Жақсықылыш кенті №19 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанар Сағатоваға табысталды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы