Әлем дүргіліп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялады. Яғни, жаһанның едәуір бөлігіне жайылған індет адамзатты әурелеп тұр. Сондықтан ауқымды іс-шаралар мен спорт додалары кейінге қалдырылды. Иә, 13 наурыз күні Нью-Йоркте коронавирусқа қатысты үлкен дөңгелек үстел жоспарланған-ды. Алайда АҚШ-та 11 наурыз бен 3 сәуір аралығындағы барлық жиын-той кейінге шегерілді. Сөйтіп, коронавирусқа қарсы жиын коронавирустың кесірінен өтпей қалды. Тек Америка ғана емес, бар әлем қорғаныс дабылын қағып жатыр. Коронавирус мәдениет, спорт пен экономиканың аяғын тұсап тұр. Эпидемия салдарынан Қытай экономикасы 143 млрд доллар жоғалтқан. Ал Венгрия 11 наурыз күні елде төтенше жағдай жариялады. Германия болса 1000-нан астам адам қатысатын шараларды өткізуге тыйым салды. Салдарынан ел көптен күткен, алдын ала кезекке тұрған айтулы кештер өтпейтін болды.
АУҚЫМДЫ КӨРМЕЛЕР ӨТПЕЙДІ
Мұндай көшті 13 ақпанда Барселонада өтеді деп мөр басқан Бүкіләлемдік мобильді конгресс бастады. Бұдан бұрын электроника құралдарының ең үлкен жәрмеңкесіне Deutsche Telekom, Vodafone, BT мен Nokia қатыспаймыз деп хабар жіберген. Ақыры аталған конгресс өтпейтін болды. Өйткені кем дегенде 60 мың адам жиналатын, 140 елден делегация келіп, 1 500-ге жуық компания өнімін ұсынатын кешке COVID-19-дың «қонаққа келмесіне» кім кепіл? Артынша Швейцария да 1 000-нан астам адам қатысатын шараға шектеу қойды. Салдарынан әлемдегі ең ірі зергерлік сағат көрмесі өтпейтін болды. Женевалық Watches & Wonders наурыз айының соңына бекіткен шараның өтпейтінін мәлімдеді. Ал Baselworld компаниясы көрмесін кейінге шегерді. Яғни, көрме 2021 жылдың қаңтар айында өтеді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, компания дайындық жұмыстарына кіріскен. Өйткені аталған шараның ауқымы кең екені белгілі. Baselworld-тің былтыр өткен көрмесіне 81 мыңнан астам адам келген. Бастапқыда олар көрмені кейінге қалдырғысы жоқ-ты. Алайда Bulgari, Citizen сияқты атақты фирмалар келмейміз дегесін компанияның басқа амалы қалмады. Дертке шалдыққандар саны күн санап өскен Италияда атақты Венеция карнавалына тоқтау салып, 29 наурызға жоспарланған Конституция референдумы болмайды. Ал Парижде өтетін үлкен кітап салонын, әнші Мадоннаның концерті мен Денвердегі ғылыми көрмені күтіп жүргендер бара алмайтын болды. Өйткені аталған шаралар өтпейді. Сондай-ақ Жапонияның Токио және Осака қаласындағы сәуір фестиваліне коронавирус тоқтау салды. Бұл сакураның гүлдеуін көруге жан-жақтан жиналатындарға қиын. Оған қоса, елдегі Ұлттық музей наурыздың ортасына дейін, ал Disneyland и DisneySea екі аптаға жабылды. Берлинде өтетін туризм көрмесіне санаулы күндер қалған-ды. Ұйымдастырушылар 160 мыңға жуық келушіні күтіп аламыз деп дәмеленген. Алайда коронавирус қаупінен сақтанып, көрмені кейінге шегерді.ВИРУС VS СПОР
Түрлі көрме, кеш пен фестивальді қайта өткізуге болады. Уақыты өзгергенмен, мәні мен маңызы жоғалмайды. Бірақ спорттың діттегені бөлек. Бір ғана матч клуб тағдырын шешіп, бір кездесу спортшы өмірін өзгерте алады. Ал жанкүйер дем бермесе, бәрі бос. Неге жанкүйердің жайын жазып тұрмыз? Өйткені коронавирус әсерінен қолдаушысы жоқ жарыс тамашалап, еңсесі түскен спортшыларды көріп жүрміз. Тіпті, Токио Олимпиадасы кейінге қалуы немесе жанкүйерсіз өтуі мүмкін. Спорт шараларын кейінге қалдыруды Қытай бастады. Футбол чемпионатын белгілі бір мерзімге кейінге қалдырды. Ал Азияның чемпиондар лигасын шегеру әсте мүмкін емес. Сондықтан лига басқа аймақта өтеді. Футболдан бөлек, бадминтон мен жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты өтпейтін болды. Хайнань аралында жоспарланған Виктор Постол мен Хосе Карлос жекпе-жегі коронавирус салдарынан «зардап» шекті. Сатылған билет пен өтетін орынның алдын ала төлемақысы едәуір екені белгілі. Қош, бәрінен биатлоннан Қытайдың ұлттық құрамасының халі мүшкіл. Өйткені олардан Әлем чемпионаты алдында елге оралмауды сұрады. Алғашында Хохфильценде дайындалған құрама артынан Рупольдингке барып, Еуропаны біраз «аралап», елдеріне әрең қайтты. УЕФА Чемпиондар лигасы матчтарын жанкүйерсіз өткізуге шешім қабылдады. Әрине, Еуропаның бәрінде емес, біразында. Германия, Италия мен Испанияда өтетін ойындарға жанкүйер кірмейді. Қарап тұрсаңыз бұл қып-қызыл шығын. Мәселен, «Барселона» Чемпиондар лигасы аясында өз алаңында «Наполиді» қабылдайды. Ойын жанкүйерсіз өтетіндіктен клуб 6 млн еуро шығын көреді екен. Тіпті, Италияға аттап басқысы келмейтін клубтар бар. Мысалы, «Хетафе» алдағы «Интермен» болатын кездесуге барудан бас тартты. УЕФА жанкүйер кірмейді деп сендіргенімен, әміріңе құлдық дер испандықтар жоқ. Клуб басшысы мәлімдемесінде «Еуропа лигасынан шеттетсе де, ойыншыларымның өміріне қауіп төндіргім келмейді» деді.ЖАНКҮЙЕРСІЗ СПОРТ ТҰЛ
Әлемнің бірқатар елінде кездесу жанкүйерсіз өткені былай тұрсын, тіпті лига ойындары тоқтауы мүмкін. Мәселен, Италия А Сериясын 3 сәуірге дейін тоқтатты. Англия, Испания мен Германияда футболшы доп тепкенмен, біраз уақытқа стадион бос тұрмақ. Мұның алдында теннис турнирлері бірінен соң бірі кейінге қалдырылды. Ал ҰБА маусымды тоқтатты. Өйткені «Юта» ойыншысы Руди Гоберден коронавирус табылған. Оған қоса, италиялық «Интер» футбол матчтарына қатыспайтынын хабарлады. Себебі «Ювентус» ойыншысы Руганиден COVID-19 белгісі байқалған. Ал ол 8 наурыз күні «Интер» алаңында доп тепкен. Оның үстіне Италияда коронавирустың өршіп тұрғаны тағы бар. Қазір кез келген спорт жарысында қарсылас командалар бір-біріне қол беріп амандаспайды. Егер бұлай жалғаса берсе Чемпиондар лигасы тоқтап, футболдан Еуропа чемпионаты өтпеуі мүмкін. Қазір спорт әлемінің бас ауруы – алдағы Токио Олимпиадасы. Соңғы жағдайға зер салсақ, олимпиада ойындары кейінге шегерілуі мүмкін. Мұны Жапонияның Олимпиада және Паралимпиада ойындары жөніндегі министрі Сэйко Хасимото хабарлады. Олар олимпиаданың аяқ алысына 12 млрд доллар жұмсапты. Миллионға жуық билет сатылып, қонақүй брондалып, түрлі компаниямен келісімшартқа қол қойған. Егер төртжылдықты түйіндер дода өтпесе Жапония 75 млрд доллар шығынға ұшырайды. Халықаралық Олимпиада комитеті Жапониядан жарысты жанкүйерсіз өткізуге қалай қарайтынын сұраған. Жапониялықтар олимпиаданы жанкүйерсіз өткізуден, 1-2 жылға шегеруді құп көріп отыр. Айбике ЖАНАСЫЛ