Сыр халқының үміті ақталар күн жақын

Талай жылдан бері Қызылорда қаласы республика бойынша орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосылмаған жалғыз өңір екені айтылып келеді.

Шаһар аумағын түгел ыстық сумен қамту бірінші кезекте қыруар қаржыға тірелетіні белгілі. Соның салдарынан, Кеңес кезеңінен бермен қарай бұл түйткілдің түйіні тарқатылмай, кейінге шегеріле берді. Ал ыстық судың азабын тартқан ағайын су жылытқыш құрылғының көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы былтырғы қазан айында өңірге жұмыс са­парымен келіп, Сыр шаһа­рының дамуы­на оң бағасын берген еді. Сол кезде қаланы ыстық сумен қамтамасыз ету жайы да қоз­­­­­ғалып, осы мәселе төңірегінде нақ­ты тап­­сырмалар жүктелген болатын. Со­ған орай Сыр халқын толғандырған мә­селе биыл оң шешімін тауып, үзілген үміт қайта жал­ғанды. Мемлекет басшысының тікелей қол­дауымен облыс орталығын ыс­тық су­мен қамту жобасы бастау алғанын естіген жер­гілікті жұртшылықтың қуаны­шын­да шек жоқ. Бұл жұмыстардың баста­ма­сына Үкі­мет резервінен 11 млрд теңге қар­жы да бө­лініпті. Осы қаржыға тиісті жұ­мыстар ат­­­қарылып, жыл аяғына дейін 186 көп­қа­бат­ты тұрғын үй ыстық су жүйе­сіне қосы­ла­ды деп жоспарланып отыр. 

Аталмыш жобаны жүзеге асыру міндеті «Бай­қоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясына артылып отыр. Корпорация тарапынан міндетті жұмыстар межелі уа­қы­тында жүргізіліп жатқанын, алаңдауға еш негіз жоқ екенін жеткізді. 

«Мемлекеттік сатып алу конкурстары нә­тижесінде «Мелиаратор» ЖШС, «BSG инженеринг» ЖШС және «Көкше­тау­гид­ро­геология» АҚ жеңімпаз ретінде анық­та­лып, бүгінде аталмыш мердігер мекемелер тұр­ғын үйді ыстық сумен жабдықтау жұ­мыс­тарын жүргізуде. Алдағы уақытта дайын үйлерге ыстық су осылай кезекпен қо­сыла береді. Жалпы, қала бойынша ыс­тық су толығымен жылдың соңына дейін іске қосылады», – деді бұл жайында «Бай­қоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­ра­ция­сының Ыстық сумен жабдықтау басқ­ар­масының басшысы Бауыржан Күшенбаев.

Басқарма басшысының мәлімдеуін­ше, жос­парлы жұмыстар 2 кезең бойын­ша жүр­гізіледі. Бірінші кезеңінде биылға 186 үйге ыс­тық су тарту жұмыстары жүргізілсе, екін­ші кезең бойынша 2025 жылы 250 үйді орта­лықтандырылған ыс­тық сумен қамту жоспарланған. 

Жуырда Президент жанындағы ор­талық коммуникациялар қызметінің көш­пелі брифингінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осы жобаға қатысты ой-пікірін кеңінен түсіндіріп өткен болатын. Брифингте мәлім болған­дай, аталмыш жобаны келер жылы толық аяқтау жоспарда тұр. Жалпы құны 26,2 млрд теңгені құрайтын бұл бастамаға биыл­ға бөлінген 11 млрд теңге қаржы игері­ліп жатыр. Келер жылы 16 млрд теңге бөлініп, қалған жұмыстар атқарылатыны мәлім болды. Нәтижесінде, 2025 жылы қа­ладағы көпқабатты тұрғын үйлер түгел ыстық су желісіне қосылады деп күтілуде. 

Облыс басшысы өз сөзінде қала аума­ғын­­да ыстық су жүргізу жұмыстарымен қа­тар мамандар тарапынан көпқабатты үйлерді жөндеуден өткізу, жертөлелерді кә­різ суынан тазалау жұмыстары да қар­қын алғанын мәлімдеді. 

Негізінен, игі бастаманы жүзеге асыру­да «AMANAT» партиясы тарапынан тұрақ­ты түрде бақылау жүргізу жолға қойылған. Бұл тұрғыда партияның облыстық фи­лиа­лы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі ай­мақтық кеңес мүшелері бағамдау жұ­мыс­тарын жүргізіп тұр. 

«Бүгінде Қызылорда қаласын орталық­тан­дырылған ыстық су жүйесіне қосу жұ­мыстары қызу қарқын алды. Қазірдің өзін­де игі істің игілігін көрген тұрғындар да бар. Бұл тұрғыда партияның облыстық фи­лиалының ықпалымен Өңірлік даму жө­ніндегі аймақтық кеңес мүшелері бұған дейін қала аумағындағы көпқабатты тұр­ғын үйлерді орталықтандырылған ыстық су­ға қосу және оны жүргізу бағытындағы жұ­мыстарға партиялық бақылау жасаған бо­латын. Соның негізінде тұрғындарға тү­­­сіндірме жұмыстары да жүргізілді. Нә­ти­жесі көз қуантады. Мониторингтік топ жұ­мысы алдағы уақытта да жалғасын таба­ды», – деп түсіндірді облыстық партия фи­­­лиалының баспасөз қызметі. 

Ыстық су арманына айналған аймақ тұр­ғындарының игі іске алғыстан басқа ай­тары жоқ. Тек тиісті жұмыстар сапалы жүр­­гізіліп, игілігін ел көрсе деген тілегін жет­кізіп отыр. 

«Көп жылдан бері бұл мәселе толғағы жет­кен тақырыпқа айналған еді. Сәтін салып, биыл түйткілдің түйіні тарқатылды. Ендігі кезекте міндетті жұмыстар межелі уа­қытында талапқа сай жүргізілсе екен дей­міз. Құзырлы орындардың айтуынша, ха­лықтың ыстық суға қолын малып оты­ра­тын күн алыс емес сияқты. Су жылытқыш құ­рыл­ғымен жан бағып отырған жамағат­тың күткені де осы», – дейді қала тұрғыны Сапарбек Ерімбетов. 

Жалпы, мамандар ыстық су жүйе­сіне қосылу арқылы тұрғындар артық шығын төлеу азабынан құтылатынын да алға тартып отыр. Нақты айтқанда, ор­та­лықтандырылған ыстық су жүйесіне жұм­салатын шығын тұтынушыларға электр­лі су ысытқышқа қарағанда едәуір тиімді болмақ. Мәселен, бүгінде халық су ысытқыш қондырғысы арқылы 50 литр суды ысытуға орта есеппен күніне 2 кВт, яғни 1 айда орта есеппен 2 м3 су пайда­ланғанда 1 айға шамамен – 1 565,6 теңге төлейді екен. Ал жылу энергиясы арқылы су ысыту жүйесі арқылы тариф бойынша 1 м3 – 172,03 теңгеге шығады. Яғни, орта есеп­пен тұтынушы 2 м3 ыстық суды пай­да­ланғанда (1 м3 тарифі су, кәріз – 43,1 тең­ге, 49,69 теңге) қоса алғанда орташа есеп­пен шамамен – 529,66 теңге жұмсай­тынын тілге тиек етеді. Сонымен қатар тиіс­ті жұмыстар талапқа сай жүргізілсе, Сыр халқы ыстық суды жыл он екі ай пай­даланады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы