«Зертханалық талдау нәтижелері бойынша мал сою пунктінің бір жұмысшысынан тері сібір жарасы диагнозы расталды. Науқас ауруханада жатыр. Оған бекітілген медициналық хаттамаға сәйкес емдеу жүргізу қолға алынды. Қазір оның жағдайы тұрақты. Өзге адамдардан аурудың белгілері әзірге байқалмады», – деп хабарлады Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.
Руслан Жұмағазиевтің айтуынша, «Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою пункті аумағында 20 қарашада карантин енгізілді. Оған өлген сиырдан сібір жарасының анықталғаны себеп болған. Қазір инфекция ошағында санитарлық және ветеринариялық нормаларға сәйкес жұмыстарды жүргізу жалғасып жатыр.
«Ветеринариялық бақылау мамандары карантин аумағында тұрған малдың барлығын толық вакциналауды аяқтады. Бұл аумақта дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сібір жарасы ауруының анықталуына байланысты Атырау облысына ірі қара мал әкелуді бақылау үшін төрт полиция және ветеринарлық бақылау бекеті орнатылды. Мал әкелушілерден егу жүргізілгенін растайтын құжаттар талап етіліп, малдың жағдайы тексеріліп, термометрия жүргізілуде. Санитарлық қауіпсіздік мақсатында осындай шаралар Атырау қаласындағы мал сою пункттерінде де ұйымдастырылды. Ветеринариялық құжаттарсыз малды тасымалдауға және союға қатаң тыйым салынды», – деп нақтылады спикер Р. Жұмағазиев.
Күні кеше «Асыл агро» базарында тағы да мал өлімінің екінші дерегі тіркелді. Қазір ол малдың Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылынан әкелінгені анықталып отыр. Жануардың нақты қандай дерттен өлгені белгісіз. Дегенмен сынама алынды.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, сібір жарасына күдікке ілінген малмен бірге Оралдан 10 жануар әкелінген және оның сегізі сойылып кеткен. Алайда атыраулық атқамінерлер бұл ақпараттан бейхабар болып отыр. Дегенмен бұл мәліметті «Асыл агро» мал базарының әкімшісі Әбу Құлбасов растады.
«Ауру шыққан мал көршілес Батыс Қазақстан облысынан әкелінген болатын. Сол малмен бірге тасымалданып жеткізілген малды иесі тиеп, қаладағы басқа базарларға алып кетті. Атырауда «Асыл агродан» бөлек, мал сатумен және союмен айналысатын 4 базар бар ғой. Қалған сиырлар сойылып кеткен болар деп ойлаймын. Сондықтан «Асыл агро» базарын ғана карантинге жабу жеткіліксіз», – дейді «Асыл агро» мал базарының әкімшісі Әбу Құлбасов.
Еске сала кетсек, сібір жарасы анықталған мал көршілес Батыс Қазақстан облысы Жанқала ауданы Жаңақазан ауылынан әкелінген болатын. Базар қызметкерлері 12 қараша күні таңертең өліп жатқан малды көріп, ветеринар шақырыпты. Қазір мал күтіміне араласқан адамның барлығы медициналық бақылауға алынып отыр. Аумаққа дизенфекция жасалып, базардағы өзге мал толықтай карантинге жабылды.
Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Альмира Сабырғалиеваның пікірінше, сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды.
«Бұл инфекциялық ауру ірі қарамен жылқыдан, қой мен ешкіден тарайды. Сібір жарасының қоздырғышы адам ағзасына негізінен зақымдалған тері арқылы, тыныс алу жолдарының немесе асқазан-ішек жолдарының шырышты қабаттары арқылы түседі», – деп мәлім етті Альмира Сабырғалиева.
Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Амангелді Сағидолладан анықтағанымыздай, жалпы Атырау облысы бойынша үй жануарларына сібір жарасына қарсы екпе салуға 19 миллион теңгеден астам қаражат бөлінеді.
«Сібір жарасына жылына бір рет вакцина салынады. Қазір карантинге жабылған базардағы малдың аталған вакцинамен егілген-егілмегенін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге «Асыл агро» базарында өлген екінші малдың Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылынан әкелінгені анықталған болатын. Қазір малдан сынама алынды, сараптама қорытындысы жақын арада шығады. Қатерлі инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында Сүйіндік ауылындағы үй жануарларының сібір жарасына егілген-егілмегенін анықтау жұмыстары жүріп жатыр», – деді Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысы Амангелді Сағидолла.
Ветеринар мамандардың айтуынша, Атырауда бұған дейін сібір жарасы соңғы рет 1979 жылы тіркелген. 1997 жылы қатерлі дерттің белгілері болған, бірақ нақтыланбаған. Бүгінде карантинге жабылған базарда және облыс орталығындағы мал сою пункттерінде сақтық шараларын ұйымдастыруға Ветериналық бақылау және қадағалау комитеті, Санитарлық эпидемиологиялық санитарлық бақылау басқармасы, ветеринар мамандар қосымша жұмылдырылып жатыр. Әзірге қаланың карантинге жабылатыны немесе жабылмайтыны белгісіз. Эпидемиологиялық ахуал нашарласа, карантин шаралары күшейтіледі. Қазір Атырауда сібір жарасына байланысты «Асыл агро» мал базары қатаң карантиндік режимге жабылды. Карантин 8 желтоқсанға дейін жалғасуы мүмкін.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, бүгінде Атырауда сібір жарасына байланысты арнайы жұмыс тобы құрылған.
– Сібір жарасынан күні бүгінде дейін үш сиыр малы өлді. Базардағы басқа малдың барлығына профилактика үшін сібір жарасына қарсы вакцина салынды. Базардағы инфекция ошағын жою үшін ол жерде қазір арнайы мамандар карантин жағдайында жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ базардың өзі таза және лас аймаққа бөлінді. Бүгін «таза аймаққа» малдың барлығы толық көшірілді. Жануарлардың дене қызуын, жағдайын бақылау шаралары таза аймақта жалғаса береді. Атырау қаласы бойынша өзге де мал базарларынан және ет сату дүкендерінен сынама алу жалғасуда, – деп нақтылады Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Белгілі болғанындай, бұған дейін сібір жарасын жұқтырған қасапшы инфекциялық ауруханада ем алып жатыр. Оның өзбек азаматы екені анықталды. Ауру малдың тасымалымен, күтімімен айналысқан тағы 16 адам және инфекция ошағында жұмыс істеп жатқан маманның барлығы дәрігерлердің бақылауына алынды.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы