Алматыда жер сілкінісі сезілді. Бұл туралы Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Олардың мәліметінше, шкала бойынша жер сілкінісі 2 балға жеткен.
– ҚР ТЖМ «СБЗҰҒҰ» ЖШС сейсмикалық станциялар желісі 2024 жылғы 28 қарашада Астана уақытымен сағат 01:32-де жер сілкінісін тіркеді. Шкала бойынша жер асты дүмпулері 2 балға жетті. Жер сілкінісінің эпицентрі Қытай аумағында Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 318 км жерде орналасқан, – делінген хабарламада.
Қалалық ТЖД мәліметінше, Алматы 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан.
– Қалада жыл сайын 200-ге дейін әлсіз, сезілмейтін жер сілкінісі болады. Бұл ретте 2-ден 4 балға дейінгі жер сілкінісі Алматы үшін фондық режимге айналды, – деп ескертті ведомство.
Бұдан бөлек, жер сілкінісінен кейін «Қазселденқорғау» АТЭТУ мамандары өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстарды, көшкін қауіпті және сел қауіпті учаскелерді зерттеу бойынша мониторинг жүргізді. Сондай-ақ, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді.
– Тексеру нәтижелері бойынша зақымдану ошақтары табылған жоқ. Қазір аталған объектілер штаттық режимде жұмыс істейді. Қираулар мен зардап шеккендер туралы мәлімет түспеді. Жағдай тұрақты, – делінген таратылған хабарламада.