Ақтөбеде оқушыны қатарластары пышақтап тастаған

Ақтөбеде мектеп оқушысы жансақтау бөлімінде жатыр.

Ақтөбеде пышақ жарақатын алған оқушы жансақтау бөлімінде жатыр. Оны телефонын бермегені үшін қатарластары пышақтап тастаған. Бұл туралы КТК арнасына хабарлады. 

Оқиға Ақтөбе шетіндегі Оңтүстік-батыс ықшамауданында болған. Оқушыға пышақты өз үйінің қасында салыпты. Күдіктіні тәртіп сақшылары тергеп жатыр. Ол қаладағы колледждердің бірінің студенті екен. Бұрын бір мектепте оқыған. Жарақат алған жасөспірім оқитын мектеп басшылары екеуінің дос екенін айтады. Санына пышақты «абайсызда салып алды» дейді. 

«Өзінің досы, ойнап, көріп сол жерде жерге қадап отырғанда тізесінің үстіне қадалған. Сол ғана. Бала жақсы. Ата-анасы, барлығы хабардар. Бұл жағдай абайсызда болған», – деді Ақтөбедегі №10 мектеп директоры Индира Бексұлтанова. 

Полицейлер қылмыстық іс қозғапты. Бірақ тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын ашып айтпай отыр.

«Санының төменгі үштен бір бөлігі жарақаттанған. Тамырға зақым келмеген. Жанама беткей тамырлары зақымдалған. Түскен кезде ота бөлімінде алғашқы көмек көрсетіліп, жарақатына тігіс салынды. Айтуынша, танымайтын үш-төрт бала телефон сұраған. Бұл телефонын бермеген. Пышақтаған, сосын қашып кеткен», – деді Ақтөбе облысы балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Рақымжан Әубәкіров.