Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңесінің отырысы басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Тәуелсіздік сарайына келді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі меймандарды қарсы алды.
Жиынға аталған ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары, сыртқы істер және қорғаныс министрлері, қауіпсіздік кеңестері хатшылары мен парламент өкілдері қатысады.
Ұжымдық қауіпсіздік аймақтарындағы әскери-саяси жағдай бойынша пікір алмасу, ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастық нәтижелерін және ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамыту перспективаларын талқылау көзделіп отыр. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын бірлесіп мерекелеуге дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Қырғыз Республикасы 2025 жылы Ұйымға төрағалық етудің басымдықтары туралы ақпарат береді деп жоспарланып отыр.
Саммит қорытындысы бойынша тараптар бірқатар құжатқа қол қоймақ.