Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың латын графикасына негізделген әліпбиді жетілдіру бойынша тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалында жазушылар мен ғалымдар арасында әліпби талқыдан өтті. Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шарада Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары М.Әшімбаевтың тәуелсіз сарапшылармен өткен кездесудегі ұсыныстары қаралды. Кейбір таңбалардың таза ұлттық мән-мағынасын анықтайтын тұстарына тоқталды. Жазушылар жазу мәніне терең түсіністікпен қарап, үлкен мән берді. Іс-шарада Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқар, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы, Қаржаубай Сартқожа, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреты, жазушы Қуаныш Жиенбай, жазушы Құныпия Алпысбай әліпбидегі кейбір таңбалар төңірегінде ойларын ортаға салды. Жазушыларға қазақ әліпбиінің жетілдірілген жобасын таныстырған «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжан: «Ң дыбысы халықаралық фонетикалық әліпбиде бар таңбасымен берілді. Мысалы: aŋşy, jaŋbyr, köleŋke. Фонетикалық негізіŊ таңбасы мұрын жолды, үнді дауыссыз дыбысты (ң) белгілейді. Ал әдістемелік негізі дегенде ол Ŋ қолды үзбей жазуға ыңғайлы әрі жолүсті таңбаларын көбейтпейді. Сондай-ақ кирилнегізді қазақ әліпбиіндегі Ң графикасына ұқсас болғандықтан, оған тез дағдыланады», – деп ойын ортаға салды. Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дауешов: «Талқылаудың Жазушылар одағы ғимаратында өтуі де маңызды. Әліпби – бұл ел ертеңі. Оны жан-жақты талқылап, фонетик ғалымдардың негіздемелері негізінде жасау – бүгінгі күннің басты талабы. Жазушылар үйі – рухани өміріміздің қайнаған ордасы. Бұл жерде рухани шешімдерге жетуге болады. Мына тарихи суреттердің өзі де сөйлеп тұр. Алаш қайраткерлері де осындай ортада Алаш тағдырын шешкен. Әліпбиге ерекше маңыз беріп, жеті рет өлшеп бір рет шешілетін іс. Қазақтың әр қарпінің астарында ұлттық болмыс, қазақты қазақ етіп тұрған қасиеті тұр. Сондықтан да біз әліпби жасауда әр қаріпке дейін жіті көңіл бөліп, талқылап отырмыз», – деп ойын түйіндеді. «Біздің қазақ тілі де қыпшақ тілдер тобына жатады. Демек, түрік бабаларымыз біздің байырғы тілімізде сөйлеп, сол тілмен империясын басқарып, сол тілмен әлем өркениетіне өз үлесін қоса білді. Ал жаңа әліпби біздің халықтың қажетіне, көптің кәдесіне жарайтындай болғаны абзал. Біз осы жобаны қолдаймыз. Әсіресе, мына Ң таңбасының Ŋ таңбалануы қуантады», – деді жазушы Каржаубай Сартқожа. Ж.НҰРЛАНҰЛЫ