Әділдік іздеуде: Биыл «AMANAT»-қа 110 мыңнан астам азамат жүгінді

Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне хабарласуына болады.

«AMANAT» Хатшысы Ержан Жылқыбаев партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Ол офлайн және онлайн форматта түрлі өңірлерден жүгінген тұрғындардың өтініштерін назарға алды. Отандастарымыз жеке және жүйелі сипаттағы мәселелерді көтерді. Аталған мәселерді шешу үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет.

Астана қаласындағы «Үркер» тұрғын алабының тұрғыны Алла Кужатаева оқушыларға арналған аула клубын құрғанын және оған 100-ден астам бала қатысатын айтты. Онда балақайлар хормен ән айтуды, шахмат ойнауды үйренеді. Сонымен қатар, аталған клубта аспаздық үйірме де бар. Бүгінде аула клубы тап болған басты мәселенің бірі – қаржы тапшылығы.

«Аула клубымыз тегін жұмыс істейді. Оған ниет білдірген барлық балақай қатыса алады. Оқытушылар айына небәрі 60 мың теңге жалақыға жұмыс істейді. Бұл ең төменгі жалақы мөлшерінен де аз. Клубқа тұрмыс жағдайы нашар және аз қамтылған отбасылардың балалары да келеді. Сондықтан, үйірмелер ақылы негізде болған жағдайда, балалар бос уақытын көшеде немесе телефонда өткізетіні анық. Мәселені шешу үшін біз нормативтік-құқықтық актіні қабылдап, аула клубтарына ресми мәртебе беруді сұраймыз. Бәлкім сол кезде біз демеушілерге кіріптар болудың орнына, бюджет қаражатына арқа сүйер едік», – деді ол.

Бұған жауап ретінде «AMANAT» Хатшысы Ержан Жылқыбаев елорда тұрғынын партияның осы бағыттағы жоспарлы жұмысы туралы хабардар етті. Атап айтқанда, партияның Астана қалалық сайлауалды бағдарламасы аясында қала шетінде тұратын 2 мың бала мен жасөспірімге арналған 15 аула клубын ашу жоспарлануда. Ол аула клубтарының ресми мәртебесі туралы мәселе сарапшылар мен мемлекеттік органдардың өкілдерін тарта отырып, партия алаңында пысықталатынын жеткізді.

«Үркердің» тағы бір тұрғыны Әсем Жайсенбай әлеуметтік нысандар тапшылығы мәселесін көтерді. Оның айтуынша, аталған тұрғын үй алабындағы тұрғындар саны 100 мыңға жақындап қалды. Алайда осы күні небәрі 1 мектеп пен 1 емхана ғана бар. Осы жағдай тұрғындарға көп қолайсыздық туғызуда. Үркерліктер үшін құтқару қызметтерінің жұмысы да өзекті болып отыр. Тұрғын алабында жеке өрт сөндіру бөлімі жоқ. Төтенше жағдайға байланысты әрекет етудің нормативтік уақыты ең көбі 8 минутты құраса, Үркерге өрт сөндірушілер кемі 25 минутта жетеді.

«Өрт сөндіру депосының ашылуын 1 жылдан бері күтіп жүрміз. Мұндағы үйлердің басым көпшілігі пеш арқылы жылытылады. Әр қыс мезгілі сайын шамамен 10 үйде өрт болады. Уақытша шешім ретінде 2 көлікке арналған шағын өрт сөндіру бекетін құруды сұраймыз. Осы мақсатта қараусыз қалған үйлердің бірін пайдалануға болар еді», – деді ол.

Партия Хатшысы бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды. Яғни, Астана қаласының мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары өрт сөндіру бөлімін құруға бюджет қаражатын бөлу мүмкіндігін қарастыруы қажет.

Елордадағы Байқоңыр ауданының тұрғыны, қоғам қайраткері Гүлден Зиядина «Тұлпар» сауда үйі аумағындағы жеке үй тұрғындары 30 жыл бойы жоғары вольтты сым желілеріне тым жақын тұрып жатқандарын жеткізді. Осыған байланысты, ондағы тұрғындар онкологиялық, тыныс алу жолдары ауруларына және өзге де ауруларға жиі шалдығуда.

«Шын мәнінде біз микротолқынды пеште өмір сүріп жатырмыз. Біз тап болған қиындыққа ұзақ уақыттан бері тиісті назар аударылмады. Қазіргі таңда кейбір үйлер бұзылып, тұрғындар өтемақы алуда. Алайда бұл процесс өте баяу жүріп жатыр. Сондай-ақ, төленетін өтемақы мөлшері де мардымсыз дер едім. Бүгінде біз 110 мың вольт жүктемені құрайтын ұдайы сәулелену жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Соның салдарынан көп адам өмірден озып, кейбірі мүгедек атанды», – деді ол.

Ержан Жылқыбаев жағдайды зерделеу, азаматтарды көшпелі қабылдау өткізу және жергілікті тұрғындарға төленетін өтемақыны жеделдету мүмкіндігін қарастыру үшін партиялықтар, қалалық мәслихат депутаттары және әкімдік өкілдері қатарынан жедел комиссия құруды тапсырды.

Осы күні «AMANAT» Хатшысы өзге өңірлерден жүгінген азаматтарды да тыңдады. Атап айтқанда, жергілікті өкілді органдардың жұмысын жетілдіру, әсіресе мәслихат депутаттарының азаматтарды қабылдау санын арттыру мәселелеріне қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды.

«Биыл мәслихат депутаттарының форумы барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтармен кері байланысты күшейту мәселесіне қатысты нақты тапсырма берді. Осы орайда, партиямыздың қоғамдық қабылдау алаңдары тиімді құрал саналады. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауларына жүгініп, әділдік іздеген ел азаматтарының саны жыл санап артып келеді. Мәселен, партиямыздың «Құқықтық көмек» жобасы азаматтардың құқығын қорғауға көмектесуде. Оның аясында әрбір ниет білдіруші азамат кез келген мәселе бойынша тегін заңгерлік көмек алуда», – деді Ержан Жылқыбаев.

Еске сала кетейік, ел аумағында «AMANAT» партиясының 226 қоғамдық қабылдау алаңы жұмыс істейді. Оның ішінде, республикалық – 1, өңірлік – 20 және аумақтық – 205. Жалпы, биыл қоғамдық қабылдауларға 110 мыңнан астам адам жүгініп, 25 мыңға жуық азамат қабылданды. Барлық өтініштің 60%-ы оң шешілді.

Айта кетейік, «AMANAT»-тың кезектен тыс ХХІІ Съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы тиіс екенін атап өтті. 

Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласуына болады:

1. Сall-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);

2. WhatsАpp: 8 700 800 4441; 

3. E-mail: komek@amanatpartiasy.kz. 

Қабылдауға жазылу қабылдау өткізілетін күнге дейінгі кемінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады.