Алматы облысында шағын және орта бизнестің адымы ашылып, құлашы жазылып келеді. Өңірдің өткен жылғы экономикалық көрсеткішіне көз жүгірткенде, былтыр 3 трлн теңгеге жеткен жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 32 пайыз болуынан-ақ көп нәрсені аңғара аламыз. Ендігі мақсат – осы биіктен төмендемей отырып, жаңа асуларды бағындыру. Облыстық әкімдікте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрайымы Гаухар Бөрібаевамен кездескен облыс басшысы Амандық Баталов өңірдегі соңғы жылдарды әлеуметтік-экономикалық жетістіктер мен болашаққа бағытталған ірі жобалар жайлы баяндады. Аграрлы аймақта ауыл шаруашылығының өркендеуіне қатысты көңілдің де өзгеше екеніне тоқталып, жергілікті жерлерде шағын және орта бизнестің қанат жаюына қажетті жағдайлар мен қолдаулардың жасалып жатқанын жеткізді. Игілікті істерге ретті жерінде демеу жасап отырған қор жұмысына да жоғары бағасын берді.
– «Даму» қоры облыстағы шағын және орта бизнесті дамыту саласына зор қолдау көрсетуде. Біз де өз тарапымыздан барлық қажетті көмекті жасаудамыз. Биылғы жылы бюджеттен шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған «Жетісу» өңірлік бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыруға қажетті 500 млн теңге қарастырамыз, деген облыс әкімі қазіргі кезде еліміздегі ең өзекті міндеттердің бірі болып саналатын халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп жұмыс атқарудың маңызы зор екенін де атап өтті.Гаухар Бөрібаева қордың еліміз бойынша, соның ішінде Жетісу өңірінде атқарған жұмысы туралы егжей-тегжейлі баяндап, осы саладағы қол жеткен жетістіктерге де жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, дамытуға берілетін шағын несиелер бойынша қарыз алушылар саны жағынан Алматы облысы республикада бірінші орында тұрған көрінеді, жалпы көрсеткіштің 13,5 пайызы жетісулықтар екен. Облыста Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы аясындағы 54 жоба бойынша 633,7 млн теңге сомасындағы, «Даму-Оптика» бағдарламасы бойынша 32 жобаны қаржыландыруға 1 млрд теңгеден астам сомадағы несиелерге кепілдік беріліпті. Сонымен бірге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының субсидиялау бағыты бойынша сомасы 3,7 млрд теңге несие болатын 14 жобаға қол қойылып, сол сияқты кепілдік ету желісі бойынша сомасы 181,3 млн теңге болатын несие бойынша 3 жобаға кепілдік берілген. Облыс басшылығына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалының жаңа директоры Тимур Икеевті таныстырған акционерлік қоғам басқармасының төрайымы алдағы кезде Қарасай ауданының Қаскелең қаласында және Талғар ауданының Талғар қаласында қор кеңселері ашылатынын айтты. Жалпы өткен жылдың қорытындысына сүйенсек, Алматы облысында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 122 мыңнан асып, бір жылда олардан түскен салық 1,3 есеге өсіп, 113 млрд теңгені құрапты. Өз кезегінде мемлекет тарапынан облыс кәсіпкерлеріне 11,8 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Болат АБАҒАН, Алматы облысы