Ақмолада ер адам ұлымен төбелескен баланы ұрып тастаған

Ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Желіде ер адамның кішкентай баланы ұрып-соққан видеосы тарады. Бұл туралы Astana арнасы жариялады. 

Видеодан ересек ер адамның кішкентай баланы бірнеше рет ұрып, тепкілегенін байқауға болады. Таяқ жеген баланың анасы екі баланың сөзге келіп қалғанын айтты.

Айтуынша, 8 және 9 жастағы екі бала бір-біріне балағат сөздер айтып, төбелесіп қалған. Сол кезде екінші баланың әкесі келіп әлгі әйелдің баласына қол көтерген. 

"Ұлым өзін бірнеше рет балағаттаған баламен төбелескені үшін баланың әкесі тарапынан психологиялық және физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырады. Осындай агрессивті ересектердің өздерін дұрыс ұстауы және балаларымыздың құқығы қорғалуы үшін осы ақпаратты таратуды сұраймыз", – дейді жәбірленуші баланың анасы. 

Ақмола облысының Полиция департаменті балаға қол көтерген ер адамның жеке басы анықталғанын хабарлады.

"Ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмағандарды профилактикалық есепке алу шаралары жүргізілуде. Жасөспірімдердің ата-аналары бала тәрбиесінде өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылады", – делінген Ақмола облысының Полиция департаментінің хабарламасында.