Атырауда тұтас отбасын өртеп жіберген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Анасымен бірге екі баланы өз пәтерінде өртеп жіберген.

Еске сала кетсек, қайғылы оқиға Индер ауданының Индербор ауылында болған еді. Батыс Қазақстан облысының тумасы ер адам 2014 және 2017 жылы туған сәбилерді және олардың анасын өз пәтерінде өртеп жіберді. 10 жасар ұлы мен 7 жасар қыз бала оқиға орнында қаза тапты. Әйел адам 90 пайыз күйікпен ауруханада көз жұмды.

Сот барысында айыпталушының қылмысты саналы түрде арнайы жоспарлап жасағаны дәлелденді. Айыпталушы арнайы бензин сатып алып, пәтерге басып кіріп, өрт қойған. Сот барысында айыпталушының қылмысы толық дәлелденді. Бірақ, ол қылмысын мойындаған жоқ. «Қылмысқа аффект жағдайында бардым, мен ол әйелді жақсы көрдім, қызғаныштан осылай жасадым» деген айыпталушы өзін ақтауды сұрады.

Сот шешімімен ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды. 

Баян Жанұзақова