Премьер-Министр Олжас Бектенов ауылдардағы пошта бөлімшелерінің жабылуын түсіндірді

«Қазпошта» екі жылда 167 ауылдағы бөлімшесін жауып тастаған.

Премьер-Министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында Ақтөбе облысындағы бірнеше ауылда неге пошта бөлімшесі жабылып қалғанын түсіндірді.

Оның айтуынша, Жосалы, Әлімбет, Шәмші Қалдаяқов ауылдарындағы пошта бөлімшелерін жабу туралы шешім ауылдық бөлімшелерді ұстауға жұмсалатын шығынның ұлғаюымен және көрсететін қызметтерге сұраныстың төмендеуіне байланысты болған. 

2023-2024 жылдары төмен рентабельділік себебінен 167 ауылдық пошта байланысы бөлімшесі жабылған.

– Үкіметтің мәліметі бойынша, 2023 жылы «Қазпоштаның» ауылдарда қызмет көрсету шығыны 17,5 млрд теңге болған. Бұл тарифтердің нақты шығындармен сәйкес келмеуіне байланысты. Газеттер мен журналдарды жеткізу тарифі 2017 жылдан бері 17 теңге мөлшерінде, өзгеріссіз қалып отыр. Ал бұл қызметтің өзіндік құны 353 теңгеге жеткен. Ауылдарда зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді жеткізу қызметінің шығындары да осыған ұқсас. Қолданыстағы 247 теңге мөлшерлемесі нақты шығындарды өтемейді. Ал «Қазпошта» үшін қызметтің өзіндік құны 477 теңге болып отыр», – деп жазады Олжас Бектенов.

«Қазпошта» АҚ Әлімбет және Ш. Қалдаяқов ауылдарында пошта байланысын жылжымалы бөлімшесі арқылы, ал Жосалы ауылын ауданы орталығы Қарғалыға бекіту арқылы реттеп бермек.