Атырауда тағы бір адам сібір жарасына шалдықты

Қазір науқас ауруханада жатыр.

Атырау облысында шаруа қожалығының қызметкерінен сібір жарасы табылды. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлайды. 

Ер азаматтың сөзінше, "Асыл-Агро" шаруа қожалығындағы мал сою пунктінде жұмыс істейді. Жұмыста өзін жайсыз сезінген соң дәрігердің көмегіне жүгінген. Сөйтіп, одан сібір жарасы табылған. 

Атырау облысы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, қазір науқас ауруханада жатыр. 

Осымен Атырауда тұрғындар арасында сібір жарасын жұқтырған екінші адам тіркелді. Дәрігерлердің айтуынша, ауру адамнан адамға жұқпайды. 

Енді ауру мал өлген қасапхана желтоқсан айының ортасына дейін карантинде болады.