Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) Olympism 365 комиссиясы отырысына алғаш рет қатысты. Бұл туралы Аikyn.kz сайты ҰОК-ның ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Онлайн форматта өткен ресми іс-шараға әртүрлі елдерден комиссия мүшелері жиналды. Олардың қатарында ХОК президенттігіне үміткерлер лорд Себастьян Коэ және ханзада Фейзал әл-Хусейн де болды.
Отырыста ХОК президенті Томас Бах Геннадий Головкинді комиссия мүшелеріне жеке таныстырып, оның жұмысына табыс тіледі.
– Қазақстан үшін Olympism 365 сияқты халықаралық жобаларға қатысу маңызды. Бұл спортты интеграциялау, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге, сондай-ақ елімізде олимпиадалық құндылықтарды ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады”, – деді Геннадий Головкин.
Olympism 365 комиссиясы – спорт пен олимпиадалық құндылықтардың қазіргі қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған Халықаралық Олимпиадалық комитетінің стратегиялық бастамасы. Комиссияның басты мақсаты – спортты БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізудің құралы ретінде пайдалану. Комиссия ұзақ мерзімді стратегияларды әзірлеу бойынша жұмыс істеп, спорттық денсаулық, білім, гендерлік теңдік және инклюзияның тұрақты дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар, комиссияның қызметі бұқаралық спортты дамытуға және олимпиадалық құндылықтарды насихаттауға бағытталған серіктестікті нығайтуға көмектеседі.