Мұндай өкінішті жағдайлар жайлы ақпараттар легі толастамайды. Күрежолдар жақсара бастағанымен, жол қозғалысы ережелерін сақтамайтындар саны азаяр емес. Осыған байланысты қазір жол қозғалысын бақылауды барынша күшейтуге назар аударыла бастады. Жақында Алматы облысының негізгі автомагистралдарында 11 заманауи «Сұңқар» аппараттық-бағдарламалық кешені пайдалануға берілгенін аталған бағыттағы нақты қадамдардың бірі ретінде бағалауға болады.
– Бұл жоғары технологиялық жүйелер Алматы-Көкпек-Көктал, Алматы-Шелек-Қорғас және Алматы-Өскемен трассаларында орнатылған. «Сұңқар» кешендері жол жағдайын тәулік бойы бақылауға арналған. Олар жылдамдық режимінен асып кетуді, жол қозғалысы ережелерін бұзуды және жүргізушілердің басқа да қауіпті әрекеттерін бірден тіркейді. Жол қозғалысын бақылауды барынша күшейтудің басты мақсаты – жолдағы апаттылықты азайту, көлік жүргізу мәдениетін арттыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты басымдығымыз. «Сұңқар» сияқты технологиялар қозғалысқа қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғай отырып, тиімді әрі жедел әрекет етуге көмектеседі, – дейді Облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы Еркебұлан Ахметов.
Бағдарламалық қамтамасыз етілуі мен айқындығы аса жоғары камералардың көмегімен автоматты түрде жұмыс істейтін аппараттық-бағдарламалық кешен жүйенің арқасында жол апаттары барынша азаяда деген үміт үлкен. Кешендерге түскен ақпараттар бірден бірегей базаға жолданып, сонда өңдеуден өткізілген соң тәртіп бұзған жүргізушілерді жауапкершілікке тартуға негіз болады.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы