Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы жыл басында берген сұхбатында «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді.

Биыл – әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл...» деп ерекше көңіл бөлуі, ал туған күні 12 сәуірде «...Қаныш Сәтбаев – қазіргі қазақ ғылымының атасы» дегені ғұламаға берілген зор баға ғана емес, Шығыс елдерінен шыққан тұңғыш академиктің қадір-қасиетін айшықтау болып табылады. 1999 жылы ЮНЕСКО деңгейінде 100 жылдығы тойланған Ұлт мақтанышының 125 жылдығы – кең дәрежеде ұлықтауға лайықты тұлға және бұл туған халқының кемел кемеңгерге деген ыстық ықыласты сүйіспен­шілікпен орындайтын парызы. 

Қазақтың біртуар перзенті, есімі әлемге мәлім Орталық Азия мен Қазақстаннан шыққан алғашқы академик, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, адамгер­­шілік қасиеттері мен кісілік келбеті халқы­ның аузында аңыз болып қалған Қаныш Сәтбаевтың мерейтойын жоғары дәрежеде атап өту – баршамыз үшін ұлы тұлға алдындағы міндетіміз. Біртуар дарынның бас­шылығымен кен байлығы бар қазбалар­дың металлогендік болжау картасы жаса­лы­нып қана қоймай, сол арқылы осы күнге дейін пайдалы қазбаның жаңа көздері ашылып отырғандығы белгілі. Ғалымдардың есептеуі бойынша, бір ғана Жезқазған–Ұлытау аймағы мыс кенінен миллиардтаған доллардың қазынасын берген. Қаныштай мәңгі асылымыз қалдырған орасан зор сарқылмас байлықтың бұл бір ғана парасы және қазақ елінің даму жолындағы Ұлт мақтанышының ересен зор еңбегінің жемісі. Ел экономикасына сол қазына байлық әкел­ген пайдаға қаншама қалалар мен өндіріс орындары салынғандығының куәгері және игілігін көруші бүгінгі ұрпақ болып отыр. 

Өзінің сүйікті саласы геология, ғылым­дағы басты бағыты металлогениядағы еңбек­тері қаншама рет жарияланып шықса да, оның жан-жақты шығармашылық талан­ты, өз деңгейінде толыққанды дәріптеле қойған жоқ. Еліміздегі қара және түсті металлургия салаларын ашу және дамыту, металлургия зауыттарын салу, полиметалл, сирек металдар мен басқа да ірі кен орын­дарын ашу, өнеркәсіп ошақтарын сумен қамтамасыз ету сияқты сансыз көп ғылыми-ұйымдастыру жұмыстары әлі де тереңірек зерттелуді қажет етеді. 

«Ұлытау атырабын жан-жақты өркенде­ту – менің өмірлік арманым!» – деген Сәт­баевтың мақсатына жетіп, Жезқазған–Қара­ғанды теміржолының 414 шақырымдық негізгі бөлігі мен 458 шақырымдық Ертіс–Қарағанды каналын салудағы ұлан-ғайыр еңбегі арқылы қалалар бой көтеріп, шөлейт далалар гүлденді. Менделеев кестесіндегі эле­менттердің барлығы Қазақ жерінде шы­ға­тынын даңқты геолог дәлелдеді. Алтай мен Арал, Қаратау мен Алатау арасындағы қазына, тіпті Маңғыстау мен Атырау өңірін­дегі мұнай мен газдың әлемдік мол көзін болжап, көрегендік көрсетті. Бүгінгі Астана Елорда болуы керек екенін де 1948 жылы алғаш айтқан Қаныш Сәтбаев болатын. 

Әлем таныған Қазақтың Қанышының есімі шағын планетаға берілгендігі өз алдына бір бөлек, Қазақстан елді мекендерінде кө­терілген еңселі ескерткіштер саны бойынша да ұлы Абайдан кейін екінші орында тұр. Халық арасында туған өңірлерін «Абай Елі», «Қаныш Елі» деп атау да осы ғұламаларға тән. Қазақ елін әлемге танытқан ғұламалар жыл өткен сайын зорайып, жаңа қырынан жаңғыра беретін, мәңгі өлмес данышпан­дарға айналуы да заңдылық. 

«Әлемнің отыз алтыдан бір бөлігін бос­тан­дықсүйгіш қазақ халқы жайлап отыр. «Қазақ» деген сөздің өзінде еркіндік рухы атойлап тұр. Сол үшін де біздің халық талай ғасырды үздіксіз күреспен өткізді. Оның сана-сезімінде бұл сөз – аса қасиетті әрі аса ұлы ұғым» деп айтқан Қаныш Сәтбаевтың туған халқын қалай сүйетіндігі ғана емес, қа­зақ болып туғанын шексіз мақтан ететін­дігі көзіқарақты әр азаматқа түсінікті деп ой­лаймын. Осындай ұлағаты мол Қазақтың Қа­нышының ерен зор еңбектерін насихаттау, жалпы «Сәтбаевтану» ілімін нығайту жолын­да тәбәрік боларлық дүние жасап, ұлтына қалтқысыз қызмет еткен Қаныштай тари­хи тұлғаны темірқазық етіп алсын деп ой тас­­тау – бүгінгі және болашақ ұрпақты тәлім­ді өмірбаянымен ұлағаттылық жолына бағдарласақ деген ниет қана емес, сонымен қатар мұны «Халықаралық Сәтбаев қоры­ның» қоғамдық кеңесі төрағасы ретіндегі мойнымдағы парызым деп те білемін. 

«Академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жыл­дық мерейтойын дайындау және өткізу жө­ніндегі Жалпыреспубликалық жоспар» қа­былдануына бастамашы болып, арнайы депу­таттық сауал жолдап, 2024 жыл бойы 52 пункт­тен тұратын Үкімет жоспарының орын­далуына үйлестірушінің бірі болып, нәти­желі қызмет атқардық. Бұл республи­калық ауқымдағы жоспар аясында Ұлттық банк монетасын, ал Қазпошта пошта мар­касын шығарды. «Жезқазғантүстімет» өнді­рістік бірлестігіне есімі қайтарылды. Ме­рей­той шеңберінде ғылыми кон­­­­фе­рен­­ция­лар, көр­мелер, жалпы сансыз көп игілікті іс-ша­ралар республикамыздың түкпір-түк­пірінде өткі­зіліп, ғылым мен білімге деген қызы­ғушы­лықты арттырды. Көктем­де Астанада Қа­­ныш Сәтбаевтың 125 жыл­дық мерейто­йы ке­ңінен аталып, жаз айында туған елі ­Баян­ауыл­да жалғасса, күзде Алма­тыда дү­бірлі тойды Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлт­тық техника­лық зерттеу универси­теті дүр­кіретіп өткізді. 

Көп жылдан бері көтеріп жүрген мәселелер – Қаныш Имантайұлының кіндік қаны тамған жері Мұса Шорман ауылындағы академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп күрделі жөндеуден өткізілді, ауылдың көше­лері асфальтталып, жол бойы электр шам­дары бар бағандар орнатылып, «Ба­янауыл біртуарлары» аллеясы ашылды. Ұлы ғұла­маның туған ауылы көріктендіріліп, бұл үлкен жоба да толығынан іске асты. 

Ұлы тарихи тұлғаның мерейтойы маңыз­ды ғибрат алуға мүмкіндік береді. Оның баян­ды өмір жолы – қажырлы еңбек, төзімді та­бандылық және өз мақсаттарына жетудегі қайсарлықтың жарқын көрінісі болып та­былады. Ұлттық мүдде жолындағы жетіс­тіктері көбіне күрделі жағдайларда, талмай ізденіс пен жанкешті еңбекқорлықтың нә­ти­жесінде келген. Заңғар тұлға Қаныш Сәт­баевтың 125 жылдық мерейтойын ла­йық­ты атап өту бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін бірнеше маңызды мәнге ие. 

БІРІНШІДЕН, бұл ғұлама ғалымның еңбектерін дәріптеу арқылы жастар ара­сында ғылымға, білімге және руханият сала­сына деген қызығушылықты арттыру. 

ЕКІНШІДЕН, Сәтбаевтың Қазақ елінің қарышты дамуына қосқан орасан зор үлесі – еліміздің қазба байлығын тауып, табиғи ре­сурстарын халқының пайдасына жарату­дағы баға жетпес рөлін ұғынуға мүмкіндік береді. 

ҮШІНШІДЕН, оның өмірі мен қызметі патриотизм, еңбекқорлық және азаматтық борыш сезімін оятады. 

ТӨРТІНШІДЕН, тұлғатану саласында біртуар тұлға ретінде жаңа серпіліске әкеледі. 

БЕСІНШІДЕН, ұлттық тәрбие мәселе­сін­­де өнеге тұтарлық қағидаттарды тудырады. 

Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығын мем­лекеттік деңгейде атап өту, оның еңбекте­рін жаңғырту, жаңа буынға жетістіктерін жет­кізу – тарихымызды түгендеп, мәдение­тімізді әспеттеп, руханиятымызды күшей­туге ықпал етеді.

Жыл басынан бері мерейтой шеңберінде ғылыми конференциялар, көрмелер, жалпы сансыз көп игілікті іс-шаралар республи­ка­мыздың түкпір-түкпірінде өткізіліп, ғылым мен білімге деген қызығушылықты арттыр­ды. Жыл бойғы өткен іс-шаралар ғұламаның ғылыми жаңалықтарын дәріптеп, жас ғалымдарға шабыт берді деп ойлаймын. Бұл жаңа зерттеулер мен инновацияларға жол ашып, Сәтбаевтың табандылығы мен ізденіс жолы жалындаған жастарға жарқын үлгі болары сөзсіз. 

Ұлы тұлғаның мерейтойы көп жағдайда тек мерекелік шаралармен шектелмеуі керек деп білемін. Мұндай мерейтойлардың негізгі мәні – сол тұлғаның қоғамға, ғылымға, мәдениетке қосқан үлесін қайта бағалауға, оның ойлары мен еңбектерін жаңа қырынан тануға, қазіргі заманға сай құндылықтарын ашуға тиіс. Бұл тұрғыда мерейтойды ой ойлау арқылы оның тереңдіктерін бойлай ашып, жаңа буынға мұрасын насихаттау аса маңызды.

Қазақ елін әлемге танытқан ғұлама жыл өткен сайын зорайып, жаңа қырынан жаң­ғыра беретін, мәңгі өлмес тұлғаға айналды. ХХІ ғасыр – Қаныштың ғасыры болады деген сөздер ақиқатқа айналып келеді. Ака­демик Қаныш Сәтбаев – әлемдік деңгейдегі тарихи тұғырдан орын алуы, ғылыми және рухани мұраларының жалпыадамзаттық маңызға ие болуымен байланысты, сонымен қатар бір ұлттың шеңберінен шығып, бүкіл адамзат өркениетінің биігіне көтерілген қайталанбас планетарлық деңгейдегі біртуар тарихи тұлға. «Планетарлық деңгейдегі» тұлға Қаныш Сәтбаевтың, аса көрнекті ғалым, заңғар ғұламалығымен қатар Қазақ елі ғылымының басты ұйымдастырушы екендігі – еліміздің даму тарихындағы баға жетпес еңбегінің бір бөлігі ғана. Жалпы алғанда, академик Қаныш Сәтбаев өмір бойы ұлттық мүдде тұрғысынан терең ойлап, ел дамуының экономикасы, өндірісі, ғылы­мы, мәдениеті, руханиятында бағасы өлшеу­сіз мол мұра қалдырғаны, Қазақ елінің бо­лашағы зор болсын деп жасаған ұшан-теңіз еңбегі – бірнеше кітап жазарлық дүние болып табылады. 

«Халықаралық Сәтбаев қорының» қам­қор­шылар кеңесінің төрағасы болып, елор­дадағы Қаныш Сәтбаев ескерткіші Мону­менталды кешенінің тұжырымдамасын авторы ретінде әзірлеп, ескерткішті 2021 жылы тұрғыздық. Кешеннің тұжырым­дама­сын толығынан 2022-2023 жылдары іске асырып, академик Қаныш Сәтбаев алаңы Астанада пайда болды және тағзым етер құдіретті орынға айналып келеді. Еңселі зәулім ескерткіштің жанында гранитте тас­паланған ақиық ақын Несіпбек Айтұлының «Қаныш» поэмасындағы үзінді Ұлт мақта­нышының бүкіл болмысын ашып тұр:

 

Болмысы сүттен таза, нұрдан жарық,

Бақытты Сәтбаевты туған халық!

Атасы сол деп қазақ ғылымының,

Айтады сұрасаң да кімнен барып...

 

Тұратын жарқыратып алыстарды,

Үлгісі ұлылықтың Қаныш мәңгі!

Құдайға мың рақмет бере салған,

Қазаққа осындай бір данышпанды!..

 

Сәтбаев ғұмыр кешкен, міне, қандай,

Кім сірә, ғалам сырын біледі ондай?

Көз салып кең әлемге Елордадан,

Қарап тұр ескерткіші тірі адамдай!..

 

 Алтынбек НУХҰЛЫ,

Парламент Сенатының депутаты