Ұлттық банк доллардың бағамына қатысты мәлімдеме жасады

Қараша айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 5%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары 512,52 теңгеге дейін барды.

Ұлттық банк қарашада теңгенің әлсіреп, доллардың қымбаттауына қатысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды 
Aikyn.kz.

"Қараша айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 5%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары 512,52 теңгеге дейін барды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 278 млн-нан 262 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 5,5 млрд АҚШ долларын құрады", - делінген хабарламада.

Республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қараша айында Ұлттық қордан 1 260 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 23%-ын және күніне 60 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді.

Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша республикалық бюджетке трансферт бөлуге 2024 жылғы желтоқсанда Ұлттық банк Ұлттық қордан 800 млн-нан 900 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.

"БЖЗҚ валюталық активтерінің үлесі осыған дейінгі жоспарға сәйкес шамамен 40% екенін ескере отырып, Ұлттық банк қарашада зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Желтоқсанда да валюта сатып алу жоспарланбайды", - делінген ақпаратта.

Валюта нарығында тепе-теңдікті арттыру үшін 2024 жылғы 19 қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі валюталық түсімнің 50%-ын міндетті түрде сатуы туралы норма қайта күшіне енді. Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығында екінші деңгейлі банктер арқылы дербес сатады.

Ұлттық банк шілдеде Үкіметтің Ұлттық қорға «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның акцияларын сатып алу туралы шешімін іске асыру аясында Ұлттық қордағы валюталық активтердің бір бөлігін сату арқылы Ұлттық банктің алтын-валюта резервтеріне конвертациялады. Нарықтық бейтараптықты сақтау үшін және осы операцияны валюта нарығына шығару үшін Ұлттық банк шілденің ортасынан бастап сатып алынған көлемді біркелкі сатуға кірісті.

Қарашада аталған операция аясында Ұлттық банктің алтын-валюта резервтерінен сату көлемі 133,8 млн АҚШ долларын құрады. Осылайша, қарашада «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның акцияларын сатып алу бойынша мәмілені шығару аясында валюта сату аяқталды.

Ішкі валюта нарығында экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныс артқаны, соның ішінде айырбас бағамының психологиялық деңгейін еңсеру аясында ұсыныстың да шектелгені байқалды.

"Бірқатар іргелі факторлар нашарлағандықтан, тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмау үшін, теңгенің айырбастау бағамының шамадан тыс құбылмалылығын реттеп, шетел валютасының ұсынысын қамтамасыз ету үшін 15-28 қараша аралығында Ұлттық банк валюталық интервенция жүргізді. Айдың қорытындысы бойынша, валюта сату көлемі 1 047 млн АҚШ долларын құрады", - дейді Ұлттық банк.

Ұлттық банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетуді жалғастырады. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.