Келесі жылы Астана іргесіндегі 6 елді мекен газбен қамтамасыз етіледі

Биыл көгілдір отын 4 елді мекенге, яғни Жібек жолы, Шұбар, Қоянды және «Нұрлы» өндірістік кооперативіне тартылды.

Келесі жылы елорда іргесіндегі алты елді мекен газбен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Облыс әкімінің айтуынша, жалпы 68 мың тұрғыны бар Аққайың, Алтынсарин, Талапкер, Қаражар, Қызылсуат және Қосшы қаласына газ қосылады. 

“Біз Қосшыдағы жобаны екі кезеңге бөлдік. Біріншісін жазда іске қосамыз. Бұл Абай көшесі. Екіншісі жыл аяғында. Оған қаражат бөлінген. Шамамен 10 млрд теңге. Қосшыда құрылғылары дайын тұр. 2025 жылы газбен қамтылады”, – деді әкім. 

Ал 2026 жылы Целиноград ауданындағы Қараөткел мен Ақмол ауылдарын, Аршалы ауданындағы Ақбұлақ пен Тайтөбе ауылын газдандыру жоспарлануда. Бұған дейін жүйеге Аршалы ауданының 16 ауылы қосылған болатын. 

Биыл көгілдір отын 4 елді мекенге, яғни Жібек жолы, Шұбар, Қоянды және «Нұрлы» өндірістік кооперативіне тартылды.