Депрессияның көкесі енді басталды! Айнұр Тұрсынбаева махаббат туралы хикая жазды

Белгілі айтыскер ақын, психолог Айнұр Тұрсынбаева студент кезіндегі көрші қыздың оқиғасын айтып берді.

Бұл оқиға осыдан 20 жыл уақыт бұрын болған көрінеді, деп хабарлайды Aykin.kz.

"Бір қызбен сыйласып жүрдім. Оның туған сіңлісі Алматыда оқитын. Бір күні сол сіңлісі бізге жатақxанаға қонаққа келді. Өте сұлу қыз болатын. Сол кездің өзінде 5 уақыт намаз оқып жүрді. Бізге келген кезде жігітімен ренжісіп қиналып жүр екен. Сонымен не керек жатақxанадағы "данышпан қыздар" күнде отырып алып, ана қызға ақыл айтамыз. "Ренжітетін жігітті қой, сұлусың, жігіт табылады" деп миын ашытамыз. Бір күні қызымыз еңіреп жылады. "Мен оны сүйемін, онсыз өмір сүргім келмейді, өмір бойы сүйетін боламын, басқа ешкім керек жоқ!" деп бір-ақ кесті. 10-15 күннің ішінде ап-арық болып, жүдеп кетті. Сөйтіп жүргенде ол албасты жігіті басқа қызға үйленіп тынды. Депрессияның көкесі енді басталды! Сіңлісімен бірге әпкесі де, мамасы да қосылып жылайтын болды”, – деп бастады әңгімесін айтыскер ақын.

Оның сөзінше, сол кезде жүрегі қатты ауырып, қызға ақыл бере алмағанына қатты өкінген. Әлеуметтік желі пайда болғанда сол қызды кездестіріп қалыпты.

"Мәссаған, сұлу қыз, бұрынғыдан да сұлу боп кетіпсің, 2 балаң бар екен ғой, уақыт деген қандай ә" деп бірден дайректке xат жаздым. Сосын Алматыда кездесіп шай іштік. Күйеуі заң саласында бастық, ұлы, қызы бар екен. Баяғы еңіреген қыз есейген, ақыл тоқтатқан. "Айнұр әпке, баяғы мені алмай кеткен жігітті көрдім. Күйеуімнің досы ішкілікке салынып, наркодиспансерде жатқан. Сол жердің ауласында отыр, наркоман екен. Сондай білімді жігіт сондай xәлге түседі деп кім ойлаған?!” – деп сырын ақтарды. Міне, қиындық пен әр сынақтың артында қуаныш бар дегеніміз осы емес пе?! Біздің бір жаман жеріміз асығамыз. Кез келген қиындық бітпейтіндей, өмір бойы жылап өтетіндей түңіліп кетеміз. Алланың өз есебі бар!”, – деп жазды коуч-психолог.