Керемет болып келісіп, жараса қалды: Тамара Асар Роза Рымбаеваға ұрпағына мұра болар сыйлық жасады

Қазақстандық танымал әнші Тамара Асар эстрада жұлдызы Роза Рымбаеваға ерекше сыйлық тарту етті.

Өнер иесі бұл сыйлығын арнайы тапсырыспен жасатқанын айтты, деп жазады Aykin.kz.

Тамара Асар Instagram-дағы парақшасына жариялаған бейнежазбада Роза Рымбаеваға сыйлық табыстап жатқан сәті бейнеленген. Бейнежазбада Тамара Асар қызы Ажармен бірге Роза Қуанышқызына күміс әшекей сыйлап жатқанын көруге болады.

"Шебердің қолы ортақ, шешеннің сөзі ортақ. Зергер мыңдаған шақырым жерде отырып, қазақ әнінің ханшайымы Роза Қуанышқызына арнап, әдемі әшекей соқты. Керемет болып келісіп, жараса қалды. Игілігіңізге тағыңыз, Роза Қуанышқызы! Ұрпағыңызға мұра болар, күміс әшекейіңіз құтты болсын! Біз Ажартай екеуміз бұл бұйымды арнайы тапсырыс беріп жасаттық. Сыйлықтың ұнағанына шын жүректен қуаныштымыз", - деп жазды Тамара Асар.

Роза Рымбаева мұндай сыйға таңғалып, қатты қуанып қалды. Ол өнердегі әріптесі тарту еткен қазақи нақыштағы бұйымды бірден қолына тағып, оған алғысын айтты

"Тамарамен бірге ән айтамын деп, осындай байлыққа ие болып қалдым. Кішкентай сәбидің атынан осындай сый-құрмет болып жатыр. Рақмет үлкен", - деді Роза Қуанышқызы.