Жамбыл облысы Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Сүлейменов өзінің басшысының жайлы орнын иеленуге 50 мың доллар бермек болған, - деп хабарлайды КТК телеарнасы. Телеарнаның хабарлауынша, басшы болудан дәмелі шенеуніктің телефон арқылы айтқан сөздері ұлттық бюроның қолына тиген. «Енді телефонмен кім не айтпайды? Сондай әңгіме болған шығар. Иә, Алматыға ауысамын деген жұмыстар болған. Бірақ ол жерде жолдастармен салмақты әңгіме болған емес. «Сатып аламын, осыншама ақша беремін» деген. Ойнап, достармен бір жерде айтқан шығармын», – дейді Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Сүлейменов. Шенеуніктің әкімнің орнын сұрағаны кездейсоқ анықталған. Яғни, басқа бір іс бойынша күдік туғызған Сүлейменовті ұлттық бюро өкілдері бақылауға алыпты. Оның телефонын тыңдау барысында орынтақ саудасы жөніндегі әңгіме әшкере болған. Ал оған қызмет әперуге уәде еткен өңірге танымал кәсіпкер болып шыққан. Оның тағдыры әзірге белгісіз. Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Қайрат Дүнбаев: «Рустамбеков, сенің мәселең шешіліп жатыр, солай-солай» дейді. Бұл кісі жауап береді. Сұрайды. Тағайындалған кезде 200 мың доллар болмай ма, үстеме сұрамай ма, азар болса 50 мың шығар бере алатыным, кейін оны қайдан шығарып аламын деген сияқты әңгімелер. Сондай бірнеше әңгіме. Шөленбаев Бақытқан деген кісімен. Нақты тағайындалу бойынша. Аудан әкіміне», – дейді телеарнаға берген пікірінде. Анығы, әдеп кеңесі Сүлейменовті қызметінен төмендету жөнінде ұсыныс берді. Дегенмен, соңғы шешімді Меркі ауданы әкімінің өзі қабылдайды.