Вандализм үшін 300-ден астам адам жауапқа тартылды

Астанада вандализм үшін 300-ден астам адам жауапқа тартылды.

 

Астана қаласы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Әділбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елордадағы «Учаске» жедел-алдын алу шарасы туралы айтып берді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайты хабарлады.

Қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелерде құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін осы жылдың 16 қыркүйегінен 15 желтоқсанына дейін елорда аумағында «Учаске» жедел-алдын алу шарасы өткізіледі.

Жедел-алдын алу  шарасы шеңберінде пәтерлер мен аулаларды аралау жүргізіледі, тұрғындар өздерінің аумақтық учаскелік инспекторларымен танысып, оған өздерін толғандырған мәселелерімен жүгіне алады.

«Жалдамалы пәтерлерде тұратын адамдар бөлек тексеріледі. Жаңадан анықталған жалға берілетін тұрғын үй туралы ақпарат салық заңнамасының сақталуын тексеру үшін Мемлекеттік кірістер органдарына жіберіледі. Жедел-алдын алу  шарасы басталғаннан бері 380 мыңнан астам пәтер мен 28 мың жекеменшік үй иелері тексеруден өтті», деді Ержан Әділбеков.

Сонымен қатар заңдылықтың басқа да бұзушылықтары анықталуда. Барлығы 24 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.

«Жедел-алдын алу шарасы барысында ішкі істер органдарының профилактикалық есептерінде тұрған адамдар қосымша тексеріледі. Сот белгілеген тыйымдар мен шектеулерді бұзудың 64 фактісі анықталды, 19 есепке алынушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,  деп толықтырды Әділбеков.

Айта кету керек, заңдылықтың кез келген бұзылуына «нөлдік төзімділік» қағидаты аясында жүзеге асырылатын вандализмнің жолын кесу жұмыстары жандандырылды.

«Жыл басынан бері 147-1-бап бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін 338 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, соның ішінде 125 адам қамауға алынды, 177 адамға айыппұл салынды. Ұсақ бұзақылық жасау фактілері бойынша 2 071 адам жауапқа тартылып, оның 628-і қамауға алынды, 1 220 адамға айыппұл салынды»,  деді спикер.

Бұдан бөлек, қалалық инфрақұрылым мен жалпы үй мүлкінің зақымдану фактілерін анықтау бойынша мамандандырылған жергілікті рейдтік пысықтауларды тұрақты жүргізу ұйымдастырылды. Жыл басынан бері барлығы 1 000-нан астам осындай іс-шаралар өткізілді.

Вандализмнің алдын алу жұмыстары қалалық прокуратура мен Полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.