Президент Power International Holding компаниясының иелерін қабылдады

Әңгімелесу барысында елімізде энергетика, телекоммуникация салаларындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қарастырылды.

Президент Power International Holding компаниясының иелері Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.    

Әңгімелесу барысында елімізде энергетика, телекоммуникация салаларындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қарастырылды. 

Power International Holding (PIH) компаниясы Қашағанда газ өңдеу зауыттарын, Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының екінші желісін, сондай-ақ жаңа компрессор станциясы мен Ақтөбе – Қостанай магистральді газ құбырын салуға қатысады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынына назар аударды. 

PIH Директорлар кеңесінің төрағасы Муатаз Әл-Хаят қазақ тарапымен телекоммуникация, энергетика салаларындағы инвестициялық жобалар бойынша түбегейлі келісімге келгенін айтып, аталған бағыттағы жұмысты жүзеге асыру жоспарын таныстырды. 

Сонымен қатар компания қазір Қызылорда облысында бу-газ қондырғысын салу және облысаралық электр желілерін тарту жобаларына келіссөз жүргізіп жатыр. 

Бұдан бөлек, Қатар конгломератының басшылары жасанды интеллект бағытында бірлескен бастамаларды қолға алуға қызығушылық танытып отыр. 

Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметі тарапынан қатарлық инвесторға қолайлы жағдай жасалатынын растап, барлық жұмысты жоғары стандарттарға сай нәтижелі орындаудың маңызын атап өтті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.