«Жасыл» энергияның жақсылығы көп

ҚХР астанасы Бейжіңде Қытайдың қоғамдық дипломатия қауымдастығы (CPDA) бастаған 100-ден астам шетелдік бұқаралық ақпарат құралы өкілдеріне арналған CIPCC бағдарламасы аясында Қытайдағы SANY Renewable Energy компаниясымен таныстық. Әлемдегі арнайы техника шығаратын ұйымдар арасында бесінші орын алатын бұл компания бүгінде заманауи үлгісімен, жеткен жетістіктерімен көп елге үлгі болып отыр.

Алып кәсіпорынға кірген бет­тен-ақ зауытта қаптаған жұмыс­шы­ларды көреміз деп ойлағанбыз. Онымыз бекер екен. Себебі зауыт­тың көп жұмысын роботтар атқа­рып жүр. Ауыр-ауыр техни­ка­лар­мен ешқандай қателіксіз жұмыс іс­теп жатқан роботтар бір сәтке ты­ным таппайды. Ал қарапайым жұ­мысшылар олардың жұмысын қа­дағалап қана жүр. Мұнда қауіп­сіздік мәселесі бірінші орынға қойыл­ған. Компания жұмысын та­ныстырып жүрген қызметкер алып кәсіпорынның Қазақстан­мен де серіктестік орнатқанын, елі­­міз­де біршама жоба жасағанын да мақтанышпен жеткізді. Қабыр­ға­да Қазақстанда жұмыс істеп тұр­ған «Достық» жел генератор­лары­ның видеолары да көрсетіліп тұрды. 

SANY – әлемдегі көшбасшы компания

Жалпы, SANY Group ком­паниясы 1989 жылы дә­не­керлеу материалдарын өн­ді­ре­тін шағын зауыт ретінде құрылған екен. Ал бүгінде 20-дан астам зерт­теу және әзірлеме орталығы бар, Қытайдағы жоғары техно­ло­гиялық жабдықтарды өндіретін же­текші кәсіпорын акциялары 

60 млрд АҚШ долларына жуық ка­питалдандырумен халықаралық биржаларда саудаланатын ауыр машина жасайды. Caterpillar, Komatsu, Hitachi және Volvo кейін ірі әлемдік құрылыс арнайы тех­никасын өндірушілерінің 5-тігіне кіреді. Ал бетон және көтеру жаб­дық­тарын өндіру бойынша SANY компаниясы әлемдегі нөмірі бі­рін­ші болып саналады. SANY жабдығы 400 метрден жоғары көм­белердің 70% құрылысында қол­данылған және оған Гиннестің кітабындағы бірнеше рекорд тие­сілі. Бүгінде компанияның өн­ді­рістік қуаты Қытайда, АҚШ-та, Еуропада, Бразилия мен Үнді­станда орналасқан. SANY ком­паниясы АҚШ аумағында өндіріс­ті оқшаулаған қытайлық ком­па­ния­лардың бірі болды.

SANY өнімдерін әлем бойын­ша әртүрлі жағдайда кездестіруге болады. Осылайша, SANY шын­жыр табанды краны 2010 жылы Чилиде шахтаның құлау орнына жет­кізілген бірінші машина бол­ды, ал бетон жабдығы Жапо­ния­да­ғы Фукусима стансасындағы апат сал­дарын жою кезінде қол­данылған. SANY – «Бір белдеу, бір жол» бағ­дарламасының провайдер­ле­рі­нің бірі. Бағдарлама ая­сында ком­па­ния Сауд Арабия­сы, Малайзия жә­не Пәкістанда 50 мыңнан астам үй салуға инвес­тиция салды.

2017 жылы сапа саясаты мен мә­мілелерді қолдау компания ак­тивіне бірнеше ірі келісімшарт әкел­ді. Олардың арасында Ку­вейт­те мердігермен 86 млн доллар кө­лемінде 600-ден астам техника бар. 2017 жылы сатылымнан түс­кен жалпы түсім 6 миллиард дол­лар­ды құрады.

2018 жылы компания Қазақ­стан­ға 68 бірлік техника жеткіз­ге­нін де айта кеткеніміз жөн. Ал SANY Group-тың еншілес компа­ния­сы саналатын SANY Renewable Energy болса жел генератор­ларын шығаратын әлемдегі ірі ұйым­дардың бірі. Бұл компания жал­пы айналмалы диаметрі 860 фут (шамамен 262 метр) болатын 430 футтық (шамамен 131 метр) жел турбинасының қалақшасын жа­сағанымен танымал. Бұл үш фут­бол алаңына тең және ол өте жеңіл әрі берік 15 мегаватт жел ге­нераторымен бірге қол­да­ны­лады.

Қазақстан «жасыл» технологиялар өндірісін игеруде

Былтырғы мамыр айында Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қы­тай­ға мемлекеттік сапары кезінде елі­мізде жаңартылатын энер­ге­ти­каның дамуына жаңа серпін бе­ре­тін бірнеше маңызды құжатқа қол қойылған еді. Олардың бірі – Жам­был облысында қуаты 1 гига­ватт жел паркін салу болатын. Осы жо­баны бастама беру үшін ын­тымақтастық туралы мемо­ран­дум­ға Сианда «Самұрық-Қазына» қо­ры, Қазақстанның Энергетика ми­нистрлігі, Қытайдың Мем­ле­кет­тік энергетикалық инвести­ция­лық корпорациясы (SPIC) жә­не Қытайдың SANY Renewable Energy компаниясы қол қойды. Бұл жоба ресми мәлімделгендей, Қа­зақстанда жаңартылатын ге­нерацияның жалпы белгіленген қуатын бірден 40%-ға арттырады. Бұл ретте «жел турбиналары» пар­кі­нің жанында ауа райы өзгерген кез­де жел генерациясының ауыт­қуын тегістейтін энергия жинақ­тау құрылғысы салынатыны да ай­­тылды. Жалпы, Қытай жоба­сы­ның басқалардан айырмашылығы – жел стансаларының жабдықтарын өндіруді оқшаулау жоспарлары. Сонымен қатар мамыр айында Қы­тайдың мемлекеттік энергети­калық инвестициялық корпора­ция­­сының Қазақстанда мұна­ра­лар, гондолалар мен жел диір­­­мендеріне арналған қалақтар шығаратын бір­неше заманауи зауыт салу жос­пар­лары туралы да белгілі болды.

Орталық Азия бойынша SANY Renewable Energy бас менеджері То­қан Жанат «QAZAQ GREEN FEST 2023» ЖЭК халықаралық іс­керлік фестивалінің мәжіліс за­лында Қазақстанның жел энер­ге­тикасын дамыту үшін өте жақсы жағ­дайлары бар екенін еске салған болатын. «Біз «Самұрық-Қазына» қо­рымен 1 гигаватт (қуаты бар жел пар­кін салу – автор) туралы ке­лі­сім жасадық, ал инвесторлардың бі­рі Қытайдың энергетикалық кор­­порациясы болады. Бұған біз­дің оқшаулау – Қазақстанда эле­мент­тер өндірісін ұйымдастыру жос­парымыз да кіреді. Нақты не өн­діруге болатыны тақырыбында кездесулер өткізіледі. Қазақстанда жаб­дық элементтерін өндіру үшін қа­жетті ресурстар көп және бұл ор­наласу жақындығы өндірісті ұйым­дастыру үшін ыңғайлы», – деген-ді. Сонымен қатар сол жыл­дың сәуір айында қазақстандық БАҚ SANY Жамбыл облысында жел қондырғылары мұнараларын шы­ғаратын зауыт салуды ұсын­ға­нын хабарлаған еді. 

Сондай-ақ биыл наурыз айын­да Мемлекет басшысы Sany Group Co. Ltd директорлар кеңесінің тө­ра­ғасын қабылдаған болатын. Кез­десу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сян Вэньбо «жасыл» энер­гетика саласындағы бірлес­кен жобаларды жүзеге асыру мә­селелерін талқылады. Корпорация Қазақстанда жалпы қуаты 1ГВт жел электр стансасын салу жоба­сын жүзеге асыруға қатысып жа­тыр және жаңартылатын энергия көз­деріне арналған мұнара, қалақ және гондола құрастыратын зауыт салу мүмкіндігін қарастырып жат­қаны айтылған. Мемлекет бас­шы­сы Қазақстанның Sany Group Co. Ltd компаниясымен арадағы ық­палдастықты одан әрі нығайтуға мүд­делі екеніне назар аударған болатын. Атап айтқанда, елімізде ар­наулы техникалар, сондай-ақ олар­дың қосалқы бөлшектерін шы­ғаратын бірлескен өндірісті жол­ға қою перспективті саналады. Осы ретте Қытай компаниясына Қа­зақстанда аймақтық R&D ор­талығын ашу мүмкіндігін қарас­тыру ұсынылды. Бұл орталық ком­па­нияның ЕАЭО нарығын­да­ғы қызметін ілгерілетуге септігін тигізеді.

Айта кетейік, Қазақстанда бұл ком­пания бірнеше ЖЭК-жобаға арналған жабдықтарды жеткізуші болды. Солардың бірі – Қостанай об­лысының Арқалық қаласының маңындағы жел электр стансасы. Онда әрқайсысы 4,8 мегаватт тур­биналары бар 10 жабдық жиын­тығы орнатылған. Айта кету ке­рек, қытайлық серіктестер жал­­­­пы­қазақстандық ЖЭК-жобаларға бел­сенді қатысады. Мысалы, Қы­тайдың мемлекеттік энергети­ка­лық инвестициялық корпорация­сы 2021 жылы Жамбыл об­лы­сының Сарысу ауданында қуаты 100 ме­гаватт Жаңатас жел электр стан­са­сын іске қосты.

Жалпы, Қазақстан жел энер­ге­тикасын дамыту үшін үлкен әлеует­ке ие, енді бұл сектор жаңа дең­гейге шығады деп күтілуде. Мә­селен, 2022 жылдың соңына қа­рай бүкіл ел бойынша 958 мега­ватт 46 жел электр стансасы жұ­мыс істеген, бірақ жақын бола­шақ­та одан да көп болуы ықтимал.

Еліміздегі өндірістік база өз жұмысын бастады

Күні кеше ғана Sany Renewable Energy-дің Қазақ­стан­дағы өндірістік базасы ресми түр­де іске қосылды. Іске қосылу рә­сіміне Жамбыл облысының әкі­мі Ербол Қарашөкеев, «Самұрық-Қа­зына» АҚ директорлар кеңе­сі­нің төрағасы Нұрлан Жақыпов, Қытайдың Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй, Sany Renewable Energy Co.,Ltd төрағасы Чжоу Фу­гуи және басқа да қонақтар қа­тысып, сөз сөйледі. «Қазақ­стан­да баламалы энергия көзіне ба­сым­дық беріліп жатыр. Оның үс­тіне, Жамбыл облысы жел энер­­­гиясын өндіруге өте қолайлы аймақ. Сон­дықтан жұмысымыз сәтті бола­ты­нына сенімдімін. Алдағы уақытта ма­мандарымыз осындағы қыз­мет­керлермен тәжірибе алмасып, тех­нологиясын үйретеді. Sany R.Е. – жел генераторларын шығаратын әлемдегі ірі компаниялардың бірі. Осы айдағы нарықтық капи­та­ли­за­циясы 5,3 млрд долларға жетті. Кә­сіпорын Қытайдың «Зият­кер­лік өндіріс саласындағы эталон­дық кәсіпорын» ретінде таныл­ған», – деп атап өтті  SANY Rene­wable Energy директорлар кеңесінің тө­ра­ғасы Чжоу Фугуй.

Sany Renewable Energy ком­па­ния­сының Қазақстандағы жел электр жабдықтарын шығаратын ба­засы Қазақстанның Жамбыл об­лысы Шу қаласындағы «Жібек жо­лы» арнайы экономикалық ай­мағында орналасқан. Базалық парк бірінші болып «жасыл ғи­ма­рат­тар, жасыл технология, жасыл ма­териалдар, жасыл жабдықтар және көміртекті бейтарап зауыт­тар» деген ұғымды жобалық негіз ре­тінде қабылдап, «жасыл, қауіп­сіз, экологиялық таза және энер­гия­ны үнемдеп, өндіріс шығынын азай­тып, пайданы арттыруға» қол жеткізеді.

Инвестициялық жобаны Sany Renewable Energy ком­­паниясы мен отандық «Са­мұрық-Қазына Инвест» ЖШС бір­лесіп жүзеге асыруда. Жалпы жо­ба құны 53,6 млрд теңгені құ­­­райды. Зауыт 2025 жылдың соңы­на дейін қолданысқа беріледі деп күтілуде. 300-ге жуық жаңа жұ­­мыс орны құрылып, маман­дар­дың бі­лік­тілігін арттыруға басым­дық бе­­рі­леді. Жылына 2 ГВт жел электр стансасына қажетті құрал-жаб­дық­тар құрастырылады. Кә­сіп­орын өнімдері ішкі нарықты ға­на емес, экспорттық әлеуетті де қам­тамасыз етеді.

Еске салайық, Жамбыл об­лы­сы жаңартылатын энергия көз­де­рін (ЖЭК) дамыту бойынша көш бастап тұр. Өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт-ты құрайтын 22 ЖЭК ны­саны, оның ішінде 6 су электр стан­сасы (24,4 МВт), 10 жел электр станциясы (275,6 МВт), 6 күн электр стансасы (251,25 МВт) бар. 2024 жылдың 10 айында 588,4 млн кВт/сағ электр қуаты өнді­ріл­ді. Алдағы жылдары шетелдік әлеуетті компаниялармен бірле­сіп, Мойынқұм, Талас, Сарысу ау­дандарында ірі жел электр стан­сасын салу көзделіп отыр.

Наурызбек САРША