"Жеке көлікпен шығып кеткен": Шерзат Полаттың ағасы өлі күйінде табылды

Талғар қаласының маңынан 30 жастағы ер адамның мәйіті табылды.

Талғардың шетінде кәмелетке толмаған адамды өлтіру ісімен байланысты ер адамның денесі табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Талғар қаласының маңынан 30 жастағы ер адамның денесі табылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылып, өз-өзіне қол салған.  Марқұм биыл 4 қазанда қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. Осы уақытта қылмыстық сипаттағы қандай да бір белгілер анықталмады", – делінген полиция хабарламасында.

Полиция марқұм Ш. Полаттың отбасы барлық уақытта полицейлердің қорғауында болғанын айтады.   

"Осы уақытқа дейін марқұмның отбасына төнген қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің түсіндірмелеріне сәйкес, ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да жеке автокөлігімен шығып  кеткені анықталды. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды", – делінген хабарламада.

Еске салсақ, 4 қазан күні Талғар қаласында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Полат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямаған. 16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысты іс Ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Кейін марқұмның отбасы тұратын үйді өртеп жіберді. Шерзат Полаттың өліміне қатысты 11 күдікті ұсталды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.