Әйелін өлтірген ер адам өкінішін айтты

Атырау облысы Полиция департаменті әйелін өлтіріп, сотталған ер адамдардың видеосын жариялады.

Атырау облысы Полиция департаменті әйелін өлтіріп, сотталған ер адамдардың видеосын жариялады. 

– Әйелімді жақсы көрдім. Бірақ сол күні ішімдік ішіп келдім. Екеуіміз қатты ұрсысып қалдық, ашуға беріліп, оған қол көтердім. Сол әрекетімнің салдарынан ол қайтыс болды. Қазір өмірімнің мәні жоқ, бәрінен айырылдым. Балаларым әкесіз өсті. Егер сол күнге орала алсам, қолымды ешқашан көтермес едім. Қазір мен темір тордың ар жағында отырмын, ал менің балаларым анасынан, әкесінен айырылды, – дейді әйелінің өліміне әкеліп соққан әрекет жасап, абақтығы қамалған ер адам. 

Келесі сотталған ер адамның оқиғасы да осыған ұқсас. 

– Әйелім екеуіміз сол күні ішімдік салдарынан сөзге келдік. Ашуымды ұстай алмай, оған қол көтердім. Соның кесірінен мен осы жерде отырмын. Балам екі жаста. Қазір ол ата-анамның қолында. Мен шыққанда, ол мектеп оқушысы болады. Уақытты кері қайтара алсам, әйеліммен болған ұрысты болдырмас едім. Ашу үстінде айтқан сөздерім мен жасаған қателіктерім үшін қатты өкінемін. Баламнан кешірім сұрағым келеді. Ол менің өмірімдегі ең үлкен өкінішім болды, – дейді ол. 

Атырау облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері бойынша жыл басынан бері полицияға 3667 хабарлама келіп түскен. 

Айта кету керек, бүгінде Дағдарыс орталығына 104 адам жүгінген, оның ішінде 75-і – бала.

Баян Жанұзақова