Қасым-Жомарт Тоқаев AIemai халықаралық жасанды интеллект орталығына барып, жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдермен танысты, - деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жасанды интеллект саласын дамытуға қатысты ойымен бөлісіп, Қазақстанның ІТ сектордағы әлеуеті зор екенін атап өтті
– Білім мен инновацияға негізделген экономика құру қажет. Технологиялық және экономикалық тұрғыдан озық ел болу үшін, ең алдымен, адам капиталы, цифрландыру және жасанды интеллект саласын дамытуға баса мән беру маңызды. Қазіргі заманда онсыз болмайды. Себебі қазір күллі әлем жұртшылығы цифрлық әлемде өмір сүріп жатыр деуге болады. Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект технологиясының тиімділігі жыл өткен сайын арта түспек. Сондықтан алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қазақстан Еуразиядағы аса ірі цифрлық хабқа айналуға тиіс. Цифрлық даму мәселесіне тың, жаңаша көзқараспен қарау қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында Ұлттық жасанды интеллект орталығын құру туралы бастама көтергенін еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл идеяны одан әрі өрістетуді, яғни Орталыққа халықаралық мәртебе беріп, оны аймақтағы жасанды интеллектті дамытатын басты институтқа айналдыруды ұсынды.
– Alemai халықаралық орталығы жасанды интеллект қозғалысының темірқазығына және Қазақстанның цифрлық трансформациясының символына айналуға тиіс. Бұл алаң еліміздегі ең мықты мамандардың басын қосып, әлемнің түкпір-түкпірінен таланттарды жинайды. Мұнда ғылыми және тәжірибелік-конструкторлық зертханалар, бағдарламалау мектебі және халықаралық технологиялық компаниялардың кеңселері орналасады. Astana Hub пен Alemai нағыз инновациялар фабрикасына айналуға тиіс. Ол үшін халықаралық серіктестерді тартқан жөн. Ғылыми зерттеулерге қолдау білдіріп, экономиканың басты бағыттарына, білім беру және әлеуметтік салаларға арналған шешімдер ойлап табу қажет, – деді Президент.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев институционалдық орта қалыптастыру маңызды деп санайды.
Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасы бойынша Үкімет Жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдағанын айтты.
– Құрамына жетекші халықаралық сарапшылар кіретін Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес құруды тапсырамын. Бұл қадам біздің институционалдық ортаны үздік әлемдік стандарттармен үйлестіруге мүмкіндік береді. Парламент депутаттары «Жасанды интеллект туралы» заң жобасына бастамашы болғаны мәлім. Заңды әзірлеу жұмысына мұқият қараған жөн. Нейрожелілер үлкен мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймайды, сондай-ақ оның қауіп-қатері де бар. Мәселен, қазір жалған ақпарат таратып, қоғамдық пікір қалыптастыру үшін ақ-қарасын ажырату қиын фейктер жиі жасалады. Сондықтан жасанды интеллектті жауапкершілікпен қолдану қағидаттарын, этикалық аспектілерін заң жүзінде бекіту керек. Сондай-ақ оның дамуы мен қолданылуы барысында ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз ету қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы саланың инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде сөз қозғады. Өйткені ЖИ технологияларына заманауи есептеу қуаты керек.
– Бүгінде әлемдік нарықта есептеу ресурстарының тапшылығы сезіледі. Алдағы уақытта оған қажеттілік арта түспек. Сондықтан Үкіметке дата-орталықтар салу үшін ірі халықаралық компанияларды тартуға, сондай-ақ киберқауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған тиісті жағдай жасауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.