Алматы облысында «AMANAT» партиясының мүшесі 5 отбасына баспана сыйлады

Жаңа үйлердің кілті көпбалалы отбасылар мен ауыл шаруашылығында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен азаматтарға табысталды.

Алматы облысында «AMANAT» партиясының мүшесі 5 отбасына баспана сыйлады. Ол бұған дейін 160 отбасына үй салып берген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жамбыл ауданында бес отбасы жаңа баспанаға ие болды. Бұл игі істі «AMANAT» партиясының белсенді мүшесі, «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіпов жүзеге асырды.

Ақтерек ауылында өткен салтанатты табыстау рәсімінде Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас тұрғындарды құттықтап, осындай бастамалардың ауылдардың дамуына зор ықпал ететінін атап өтті.

«Темірлан Шайнүсіпов ағамыздың қайырымдылығымен бүгін 4 бөлмелі 5 пәтердің кілттері табысталды. Ол осы уақытқа дейін 160-тан астам үй салып, ауылдастарының жағдайын жақсартуға зор үлесін қосты. Әлеуметтік мәселелерді шешу жолындағы осындай бастамалар тек қана ауылдық жерлердің дамуына емес, тұтас елдің өркендеуіне үлес қосады. Ағамыздың қайырымдылығы мен туған жеріне деген сүйіспеншілігі – баршамызға үлгі. Бүгін кілт алған отбасыларды шын жүректен құттықтаймын! Бұл үйлер сіздерге тек баспана ғана емес, жаңа өмірдің бастамасы болсын!», – деді аудан әкімі.

Жаңа үйлердің кілттері көпбалалы отбасылар мен ауыл шаруашылығында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен азаматтарға табысталды.

Олардың арасында 40 жыл жүргізуші болып еңбек еткен зейнеткер Мұратхан Рахметқожаев пен ұста болып жұмыс істеген Мұхтар Тоқсеитов бар.

«Менің өмірімде мұндай қуаныш алғаш рет болып тұр. Осы үйді сыйға тартқан Темірлан Шайнүсіповке алғысым шексіз. Біз сияқты еңбек еткен жандарды ұмытпай, осындай қолдау көрсеткені үшін шын жүректен ризамын», – деді Мұратхан Рахметқожаев.

Сонымен қатар, жас механизатор, төрт баланың әкесі Медет Қыпшақбаев, бес баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасының отағасы Ерлан Бадамбеков және төрт баланың әкесі, «Нұрмұхамметәли» шаруа қожалығының жұмысшысы Қанат Әбдібаев жаңа қонысқа ие болды.

Айта кету керек, өңірде қазіргі уақытта 35 мыңнан астам тұрғын тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде 9 мыңы көпбалалы отбасылар болса, 14 мыңы әлеуметтік осал топтарға жатады.