Жүзден астам жас маман жұмысқа орналасты

Биыл «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының ­бастамасымен өңірде екі ірі бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ­ұйымдастырылды.

«Жастарға жұмыс» жобасының мақса­ты – жұмыс іздеген жастарды жергілікті кәсіпорындармен байланыстыру және өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету. Аталмыш жәрмеңкеге 97 кәсіпорын қатысып, 700-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. 

«Қазір Алматы облысында 280 мыңға жуық жас бар. Олардың 6 мыңға жуығы жұмыссыз ретінде тіркелген. Осындай жәрмеңкелер арқылы біз жастарды еңбек нарығына бейімдеп, өз салалары бойынша жұмыс табуына мүмкіндік жасап отырмыз. Бұл шара тек бос жұмыс орындарын ұсы­нумен шектелмейді. Сонымен қатар жастарға еңбек нарығындағы талаптар туралы ақпарат беріп, кәсіби дағдыларын дамытуға кө­мектеседі. Осындай шаралардың нәти­же­сінде, 109 жас маман жұмысқа орналасты, ал 200-ге жуық жас сұхбаттасуға шақырылып, өздерін көрсету мүмкіндігін алды», – деді «Жастар Рухы» ЖҚ-ның Алматы облыстық филиалы төрағасы Медет Бекбергенов.

Кәсіпорындар ішінде ерекше көзге түскендердің бірі – Талғар ауданындағы Keruen Plus зауыты. Су және жылыту жүйе­леріне арналған пластикалық құбырлар мен фитингтер шығаратын бұл өндіріс орны WUKO DENIZ брендімен кең танылған. Зауыттың жоғары өндірістік әлеуеті мен сапалы өнімдері ішкі нарықта үлкен сұ­ранысқа ие.

Осы жәрмеңке барысында кәсіпорын 50-ден аса бос жұмыс орнын ұсынып, жұ­мыс іздеушілердің үлкен қызығушылығын тудырды.

Табысты мысал – 29 жастағы Дәурен Сәбитов. Ол жәрмеңкеге қатысқаннан кейін Keruen Plus зауытының өндірістік бө­лімінде жұмысқа орналасты. Бұрын жұ­мыссыз болған ол, бұл зауыттың жалақысы, жұмыс жағдайы және мамандарды кәсіби дамытуға бағыт­тал­ған мүмкіндіктеріне таңғалғанын айтты.

«Мен зауыт өкілдерімен партия ұйым­­­­дастырған жәрмеңкеде таныстым. Олар өз­дерінің өндіріс процестері, ұсынатын мүм­кіндіктері туралы жан-жақты ақпарат бер­ді. Қазір өндіріс орнында техникалық ма­ман ретінде қызмет атқарып жүрмін. Жұ­мысым ұнайды әрі осында өсу мүмкін­діктері бар екенін сеземін», – деді Дәурен Сәбитов.

Айта кету керек, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы мен «Жастар Рухы» жастар қанаты жұмысқа орналастыру мақсатында мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтіп, NEET санатындағы жастарды оқыту және жұмыспен қамту үшін арнайы семинарлар ұйымдастыруда. Сондай-ақ жыл сайын 350 жеңілдетілген кредит беру және кәсіпорындарда 5 мың жас үшін ашық есік күндерін өткізу жоспарланған. Бұл шаралар жастар жұмыссыздығын 3,5%-дан 2,9%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.