«Сырты бүтін» кітабының тұсаукесері өтті

Астанада халықаралық марапаттарға ие болған танымал автор Рейчел Луиза Снайдердің «Сырты бүтін» (No Visible Bruises) кітабының қазақ тіліндегі басылымының тұсаукесері өтті.

2019 жылы New York Times ұсынған «Жылдың 10 үздік кітабы» тізіміне енген бұл шығарма отбасылық зорлық-зомбылықтың жасырынып жатқан себептерін, әсері мен шешімдерін зерттейді. Шараға АҚШ-тың Қазақстандағы өкілдігі мен Steppe & World баспа үйі мұрындық болды. 

Іс-шара Адам құқықтары кү­ніне орай ұйымдастырылып, со­ны­мен қатар АҚШ-тың Қа­зақ­стандағы Дипломатиялық өкіл­дігінің қолдауымен өткі­зілетін жыл сайынғы «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» науқанын қорытындылады. Бұл науқан гендерлік теңдік және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша қоғамды ақпараттандыруды және талқылауды мақсат етеді. АҚШ-тың Қазақстандағы Дипломатиялық өкіл­дігі Қазақстанның үйдегі зор­лық-зомбылықты қылмыс деп тануда нақты ұстанымын қол­дау үшін бұл еңбекті аудару­ға қаржылай қолдау көрсетті. 

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм шараны ашып, гендерлік зорлық-зомбылықтың қоғамдық денсаулыққа да, адам құқықтарына да зиян келтіретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл проблема  Қазақстанда немесе АҚШ-та ғана емес, әлемнің барлық елдерінде болып отыр­ған ақиқат. 

«Гендерлік зорлық-зомбы­лық – жаһандық эпидемия және біз бұл тақырыпты барлық тілде, оның ішінде қазақ тілінде ашық талқылауымыз ке­рек. Ауыр мәселелерден қашу тек зорлық-зомбылық жасау­шыларға пайдалы болады. Бұл кітаптың тұсаукесері 2024 жылы өтіп жатқаны кездейсоқ емес, өйткені биыл Қазақстанның гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күресінде үміт ұялаған жыл. Биыл Салтанат Нү­кенованың қайғылы қазасы­нан кейін Қазақстан халқы бі­рі­гіп, гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы үн қосты, әйел мен баланы қорғау шараларын күшейтуді талап етті. Қазақстан Үкіметін, осы күреспен жылдар бойы айналысқан белсенділерді және халықты маңызды заңнамалық өзгерістерге қол жеткізулерімен құттықтаймын»,  – деді ол. 

Ашылу салтанатынан кейін Steppe & World баспа үйінің редакторы Назгүл Қожабек, Мә­жіліс депутаты Жұлдыз Сү­лей­менова, отбасылық психо­лог Ержан Мырзабаев және теле­журналист, продюсер Дана Нұржігіттің қатысуымен талқылау өтті. 

Рейчел Луиза Снайдердің «Сырты бүтін» (No Visible Bruises) кітабы зерттеу журна­лис­тикасын жеке оқиғалармен ұштастырып, үйдегі зорлық-зомбылықты жаһандық дағдарыс ретінде қарастырады. Бұл кітап қоғамның үйдегі зорлық-зомбылықпен күрестегі рөлі туралы маңызды пікірталас тудырды. Қазақ тіліндегі аударма осы бір маңызды еңбекті қазақтілді аудиторияға, соның ішінде гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және жәбірленушілерді қолдау бойынша жұмыс істейтін ҮЕҰ-лар мен белсенділерге қолжетімді етуді мақсат етеді. 2025 жылдың қаңтар айында кітап тұсаукесері Алматы және Шымкент қалаларында да өтеді. 

Асыл ТҰМАР