«Таза бейсенбі»: «AMANAT» партиясының акциясы қыс мезгілінде де жалғасын табуда

«Таза Қазақстан» бастамасының бір бөлігі ретінде ұйымдастырылып жатқан бұл акция жыл соңына дейін жалғасады.

«AMANAT» партиясының бастамасымен еліміздің әр өңірінде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза бейсенбі» акциясы белсенді түрде өтіп жатыр.  Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын жүйелі жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған бұл акция табиғатты қорғау, қоғамдық орындарды тазалау және туған жердің құндылығын арттыруға бағытталған. 

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы кезекті экологиялық акцияны Бәйдібек ауданында орналасқан Бәйдібек би кесенесінің аумағында өткізді. Игі іс-шараға партия белсенділері, туған жерге жанашыр азаматтар және жастар белсенді түрде атсалысты.

«Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұғымдарын мемлекеттің идеологиялық ұстыны ретінде белгілегенін жақсы білесіздер. Адалдықтың ең басты өлшемі – тазалық. Айналаны таза ұстап, туған жердің жанашыры болу деген сөз түптеп келгенде Отаншыл болу дегенді білдіреді. Бүгін ұлт тарихында жарқын ізі қалған Бәйдібек бабаның басына жиылып, бар қазаққа қастерлі болған мекеннің ажарын ашуға келіп отырмыз», – деді «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева.

«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы «Таза бейсенбі» акциясын Шортанды ауданында өткізді. Бұл жолы Шортанды кентінде қардан және қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Бюджеттік ұйым қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, волонтерлер мен депутаттар 5 шақырымға жуық жол жиегін, орталық алаңды, ескерткіштер мен скверлерді тазартты. Сондай-ақ Ш.Рақымжанов атындағы мәдениет және демалыс саябағын аумағы қоқыстан арылды.

«Тазалық – қоғамымыздың мәдениет деңгейінің айнасы. Осындай іс-шаралар бізді қоршаған ортаны аялауға және ұқыптылыққа үйретеді. Мен әрдайым туған өлкемнің таза әрі әсем болғанын қалаймын. Сондықтан осындай игі істерге қатысуға әрдайым дайынмын», – деп өз ойын білдірді волонтер Айгүл Сапарқызы.

Партияның Шымкент қалалық филиалы ұйымдастырған «Таза бейсенбі» акциясына партия қызметкерлері, «Жастар рухы» Жастар қанатының мүшелері, жергілікті әкімдік өкілдері мен еріктілер белсенді қатысты. Шара барысында Қаратау ауданының Тассай шағынауданында шашылған қоқыстар жиналып, қураған ағаштар мен шөптер тазартылды. Жалпы, іс-шараға 100-ге жуық адам атсалысты.

«Бұл акция тек тазалық үшін ғана емес, сонымен қатар біздің балаларымызға үлгі. Туған өлкемізді таза ұстау – әрқайсымыздың міндетіміз. Осындай шаралар экологиялық мәдениетімізді дамытуға септігін тигізеді», – деді жергілікті тұрғын Жанар Айтбек.

Қызылорда облысының Шиелі ауданында акцияға қатысушылар «Анаға тағзым» аллеясының аумағы мен И.Әбдікәрімов көшесінің бойындағы скверлерді қоқыстан тазартты. Іс-шараға аудандық партия филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Болат Сыздық, атқарушы хатшы Жібек Баймұратова, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұргүл Шалекеева, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері мен жастар қатысты.

Ал Ұлытау облысы Жаңаарқа аудандық филиалы «Таза бейсенбі» акциясы аясында өз ғимаратының маңын тазартты. Акцияның мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қосу және қоғам арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Филиал ұжымы аумақты қоқыстан арылтып, тұрғындарды табиғатты аялауға шақырды.

Қарағанды облысында да тазалық жұмыстары ауқымды түрде өтті. Эко-акцияға 300-ден астам тұрғын көшелерді қоқыстан тазарту жұмыстарына қатысты. 

«Біздің қоғам табиғатымыздың тазалығына жанашырлықпен қарауы тиіс. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – ұзақ мерзімді мақсат. Бүгінгі акция тек тазалау жұмысы ғана емес, бұл – келешек ұрпаққа үлгі болатын игі бастама», – деп атап өтті партияның Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков.

Батыс Қазақстан облысында да «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өткізілді. Шара барысында Ғ.Жәңгіров саябағы қоқыстан тазартылды. Партия мүшелері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар бірлесіп, саябақты ретке келтірді. 

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» бастамасының бір бөлігі ретінде ұйымдастырылып жатқан бұл акция жыл соңына дейін жалғасады.