The Telegraph басылымының хабарлауына сүйенген Aikyn.kz әлемге танымал ақпараттық құрылымның басшысының өзгеру себептерін талдайды.
Қараша айында өткен президенттік сайлауда жеңген Дональд Трамп өзінің болашақ кабинетінің жетекші министрлерін тағайындауды аяқтап қалды. Ендігі кезек бұқаралық медиа құрылымдарына келген сияқты.
The Telegraph басылымының хабарлауынша, Трамп бұрынғы тележүргізуші Кари Лэйкті «Америка дауысына» жетекшісі етіп таңдаған. 20 қаңтарда қызметіне кірісетін Трамп мырза Лейк ханым америкалық бостандық пен тәуелсіздік идеяларын әлемге насихаттауды жаңа деңгейге көтеретініне сенімді екенін көрсетті.
«Америка дауысы» (VOA) – Американың қоғамдық медиа компаниясы, құрамында радиостанция да бар. «Америка дауысы» АҚШ-тың Жаһандық медиа агенттігінің құрамына кіреді. Штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан. «Америка дауысы» ағылшын тілінен басқа тағы 45 тілде жаңалықтар, ақпараттық және мәдени бағдарламалар таратады.
Әлемдік аудиторияның бір бөлігі «Америка дауысын» шынайы ақпарат тарататын медиа деп бағаласа, көпшілік елдер оны америкалық биліктің саясатын жүргізетін АҚШ үкіметінің рупоры мен үгіт-насихат құралы деп санайды.
«Біз Америка және соғыс туралы айтатын боламыз. Жаңалықтар жақсы немесе жаман болуы мүмкін. Ал біз сіздерге тек шындықты айтамыз» деп алғаш рет 1942 жылы 24 ақпанда эфирге шыққан «Америка дауысы» радиостанциясы америкалық саясаттың қуатты қаруына айналған.
Дәстүр сабақтастығын үзбеген Дональд Трамп енді Кари Лэйкті Америка дауысының директоры етіп тағайындады. Бұрынғы теелжүргізуші Аризона губернаторы және Сенат мүшесі болуға сайлауға түскен. Бірақ ұмтылыстары сәтсіз аяқталған.
Иммиграциялық саясат бойынша қатал ұстанымдарымен танымал Лейк ханым әлеуметтік желілердегі бірқатар даулы мәлімдемелер мен пандемия кезінде COVID-19 туралы жалған ақпараттың таралуынан кейін 2021 жылы жұмыстан кеткен болатын. Бұған дейін отыз жылдай Phoenix телеарнасының жаңалықтарының жүргізушісі болған.
Кари Лэйк көп ұзамай өзінің саяси мансабын бастайды, журналистермен пікірталастыра жүріп, Трамп мырза сияқты «фейк жаңалықтарды» қатаң сынау арқылы тез арада өзінің жақтастарын тауып, ұлттық деңгейде танымалдыққа ие болды. Лэйк осындай саяси көзқарасымен Трамп мырзаға ұқсайды. Лэйк 2022 жылғы губернаторлық сайлауда жеңілгенін мойындамаса, қарашада өткен Сенат сайлауында да жеңілді.
Дональд Трамп өзінің Truth Social-да Кари Лейк ханым «жалған ақпарат құралдары таратқан өтірікке қарсы америкалық бостандық пен тәуелсіздік құндылықтарының бүкіл әлемге ӘДІЛ және ШЫНАЙЫ таратылуын қамтамасыз ететінін» жазды.
Трамп тіпті Дж.Д.Вэнс туралы шешім қабылдағанға дейін Лейкті вице-президенттікке үміткер ретінде қарастырған.
Дональд Трамп соңғы кездері «Америка дауысы» радиосын қатты сынға алып жүр, 2020 жылы «радионың айтқандары біздің ел үшін жиіркенішті» деген мәлімдеме таратты. Трамптың бірінші президенттік мерзімінде коронавирустық пандемияның алғашқы күндеріне қатысты хабарлары үшін де сынға ұшыраған болатын. Ақ үй телерадио компанияны салық төлеушілердің ақшасын «авторитарлық режимдер атынан сөйлеу» үшін пайдаланды деп айыптады. Өйткені «Америка дауысы» вирус алғаш пайда болған Қытайдың Ухань қаласында карантин режимі жеңілдетілгені туралы хабар таратқан еді.
«Америка дауысын» Конгресс қаржыландырады және оның жарғысында «халықаралық аудиторияға тәуелсіз жаңалықтар мен ақпарат беру» деп жазылған. Сол кездегі президент Трамптың сынына медиа құрылым осылай жауап берген.
2021 жылдың қаңтарында қызметке кіріскеннен кейін президент Джо Байден әкімшілігі Трамп мырзамен байланысы бар бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктерді «Америка дауысы» радиосынан және оған қатысты лауазымдардан босатады. Енді кезек Трампқа келді.
Қазақ радиосының миссиясына байланысты келген ойлар
«Америка дауысының» жауапты миссиясы біздің «Қазақ радиосына» да қатысты деп ойлаймыз. Қазақ радиосының бұқаралық коммуникацияның бір ғана функциясы – хабар таратумен – шектелмей, қоғамда сан қырлы қызмет атқарғаны оның 100 жылдық тарихында сақтаулы. Қазақ тілі мен ұлттық мәдениетті, рухани құндылықтарды сақтау үшін күрес Кеңес дәуірінде ұлттық радиода тоқтамай жүргізілді.
Ал бүгін қалай? Ақпаратқа тұншыққан әлемде Қазақ радиосының тыңдаушыларына ұлттық бояуға қаныққан бағдар беру, интеллектуалдық және мәдени стандарттар ұсыну маңызды деп санаймыз.
Қарқынды жүріп жатқан технологиялық прогресс пен жаһандану жағдайында өз аудиториясын ақпарат ағынында адастырмай, ұлттық құндылықтар шеңберінде тәрбиелеу де Қазақ радиосының басты миссиясына айналуы тиіс. Мәдениет, тарих пен өнер, философия тақырыбындағы ойлантатын контентті жаңа коммуникациялық формалармен ұсынуда жоғары кәсібилік керек екенін қоғам жақсы түсінеді.
Кванттық компьютер мен жасанды интеллект, ғылымдағы басқа да ғажап инновацияларды насихаттауда да Қазақ радиосы көшбасшы болғаны құба-құп. «Америка дауысы» радиостанцияның қызметі осындай ойды да қозғайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.