Президент сапары «Талдықорған» индустриялық аймағында орналасқан ASMA INDUSTRIAL өндірістік аккумулятор шығару зауытының жұмысымен танысудан басталды. Құны 8,5 миллиард теңгені құрайтын жоба былтыр қолға алынып, алдымен ғимараты жаңартылған болатын. Одан соң бюджет қаражатына электр жабдықтары орнатылып, кәріз және газдандыру желілері тартылған. Аумағы 14,3 гектар болатын зауыт биылғы 6 желтоқсан күні іске қосылды.
Президентке өндіріс орнын таныстырған ASMA INDUSTRIAL ЖШС құрылтайшысы әрі зауыт директоры Серікбай Ажмағамбетовтің айтуынша, мұнда мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібінде, телекоммуникацияда, теміржол саласында, сондай-ақ «жасыл» энергетикада үздіксіз энергия көзі ретінде қолданылатын өндірістік аккумулятор батареялары шығарылады.
Мемлекет басшысына баяндалған мәліметтерге сәйкес, зауыт толық қуатына шыққанда 180 жұмыс орны құрылып, жылына 210 мың аккумулятор өндіреді. Дайындалған өнімнің 60 пайызын ТМД және Балтық елдеріне экспорттап, қалған 40 пайызын отандық нарықта сатуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ іске қосылған алғашқы жылы бюджетке 500 миллион теңгеден астам салық төлейді. Зауытқа қажетті шикізаттың басым бөлігі Қазақстан кәсіпорындарынан сатып алынады. Атап айтқанда, «Казцинк» ЖШС-тен қорғасын, «Қазатомөнеркәсіп» ҰК» АҚ-дан күкірт қышқылын алса, сепаратор мен полипропиленді Қытайдан импорттайды. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесіп, еліміздегі өндірістің рөлі туралы айтты.
– Мемлекет мықты болсын десек, ең алдымен, өңірлеріміз қуатты болуы керек. Өндірісі дамыған елге айналу үшін осы салаға көңіл бөліп отырмыз. Стратегиялық маңызы бар Жетісу облысына ерекше назар аударамыз, – деді Президент.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы облыстағы кәсіпорындардың жетекшілерімен кездесіп, пікір алмасты. Сондай-ақ отандық бизнесті қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты екенін жеткізді.
Одан соң Президент Талдықорған қаласының іргесіндегі Ынтымақ ауылында биыл пайдалануға берілген №30 мектепті аралап көрді. 1200 оқушыға есептелген білім ошағының құрылысы жергілікті бюджеттің және Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен қаржыландырылған. Заманауи үлгіде жабдықталған мектепте 77 оқу кабинеті, мультимедиа сыныптары, спорт, гимнастика, мәжіліс пен кітапхана залдары, ағаш, металл және тігін шеберханалары бар. Президент жаңа оқу ордасын аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті. Мемлекет басшысы мектепке автобус сыйға тартты.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Жетісу» волейбол клубының оқу-жаттығу кешенін және Үстел теннисі орталығын аралап көрді. Биыл пайдалануға берілген кешен ғимаратының құрылысына 1,2 миллиард теңге жұмсалған. Ауданы 1 639,4 шаршы метр болатын нысан екі блоктан тұрады. Үш қабатты негізгі ғимарат волейболдан оқу-жаттығу сабақтарын, дене шынықтыру-сауықтыру процестерін өткізуге арналған. Кешенде спорт және жаттығу залдары, медициналық, әкімшілік кабинеттері бар.
Мемлекет басшысы спортшыларға арналған тұрғынжаймен танысты. Онда пәтерлерден бөлек, асхана, оқу кабинеттері мен демалыс аймағы қарастырылған. Жеке инвестор салған ғимараттың ауданы – 3866,5 шаршы метр. Қасым-Жомарт Тоқаев мамандармен және спортшылармен әңгімелесіп, команданың жақсы ойын үлгісін көрсетіп жүргенін атап өтті. Сондай-ақ осыған дейін Алматы қаласында жаттығып келген клубтың енді облыста дайындық жасай алатынына назар аударды. Сөз соңында спортшыларға халықаралық деңгейде өнер көрсету қажет екенін айтып, алдағы жарыстарда жеңіске жетулеріне тілектестік білдірді. Команда мүшелері қолайлы жағдай жасалғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, волейбол добына қолтаңба қалдыруын сұрады.
Мемлекет басшысының Жетісу облысына сапары Қаратал ауданында жалғасты. Онда ол Ескелді би ауылында биыл пайдалануға берілген әлеуметтік нысандар – мәдениет үйі мен спорт кешенінің ғимараттарын аралап көрді. Жергілікті бюджет есебінен бой көтерген 150 орындық мәдениет үйінде кітапхана, әжелер мен домбырашылар ансамбльдері, би үйірмесі секілді ұжымдар орналасқан. Ал спорт кешенінде тұрғындар тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы үйірмелеріне, бокс, күрес, волейбол, баскетбол секцияларына қатысады. Кешенде Президент ауыл балаларымен әңгімелесіп, мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алуына, спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалатынын жеткізсе, ауыл кітапханасында өнерпаз балалармен жүздесіп, еліміздің лайықты азаматы болып өсуіне тілектестік білдірді. Мәдениет үйіне музыкалық жабдықтар мен суретші Ә.Баяндиннің картинасын тарту етті.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Үштөбе қаласында орналасқан Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа мектеп директоры Ләззат Испанова оқушылардың жетістіктері туралы айтып, жазушы мұражайымен таныстырды. 1997 жылы құрылған музейге қаламгердің тұтынған заттары, фотосуреттері, құжаттары мен кітаптары қойылған. Президентке жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған зияткерлік ойын және повестерінің желісі бойынша шағын қойылым көрсетілді. «Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры» атқарған жұмыстар жөнінде баяндалды. Биыл Қордың құрылғанына 15 жыл толып отыр.
Сапар соңында Мемлекет басшысы Үштөбе қаласында орналасқан Қаратал ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ғимаратын аралап көрді. 1983 жылдан бері қолданыстағы нысан биыл күрделі жөндеуден өтіп, қазан айында аталған мекемеге берілген. Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысына Smart-әскери комиссариат жобасы туралы баяндады. Жаңа бастамаға сәйкес азаматтар автоматты түрде әскери есепке алынады.
Министрдің айтуынша, жыл сайын 17 жастағы 160 мыңнан аса жасөспірім автоматты түрде әскери есепке тұрғызылады. Сондай-ақ министрлік жұмылдыру ресурстарының ақпараттық жүйесін құрған болатын. Цифрлық трансформация Қазақстандағы 16 мен 60 жас аралығындағы барлық ер азаматты қамтиды. Бұл жұмыс қағаз нұсқада жүргізілген кезде есепте 2,5 миллион азамат болған. Ал цифрлық форматқа көшкеннен кейін олардың саны 6,8 миллионға жеткен.
Бұдан бөлек, IT саласы бойынша білімі бар сарбаздар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес Armia.kz ақпараттық қызметін жасап шыққан. Аталған жоба тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында жасанды интеллект арқылы әзірленген. Ата-аналармен кері байланысқа ыңғайлы бұл қызметтің мобильді нұсқасы да бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскерге шақырылған азаматтармен әңгімелесіп, оларға Отан алдындағы борышын өтеуде сәттілік тіледі.
– Елге қызмет ету – азаматтық борыш. Бұл – өте маңызды жұмыс, қасиетті парыз. Үлкен әскери мансаптарға жетіп, генерал атаныңыздар. Азаматтық міндетті абыроймен атқарыңыздар. Антқа адал болыңыздар! – деді Мемлекет басшысы.
Н.ОРАЗҒАЛИ