Павлодарлық кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы арқылы сүт өнімін шығарып, пайдасын көріп жүр

Кәсіпкердің сөзінше, аталған жобаның қоғамға тигізер пайдасы көп.

«Ауыл аманаты» жобасына қатысушылар арасындағы үздік шаруашылыққа арналған республикалық байқау қорытындыланды. Осыған байланысты байқау туралы Aikyn.kz сайтына жоба жеңімпазы, қызылжарлық Айгүл Алдангорова өз пікірін айтты.

– Павлодар облысы Ақсу қаласының Қызылжар ауылында тұрамын, сол жерде еңбек етіп жүрмін. Мен үшін «Ауыл аманаты» жобасы – өзімді жұмыспен қамтамасыз ету. Денсаулығым сыр беріп, бір кездері аяқ басып, жүре алмай қалдым. Ұзақ уақыт ем алған соң, күнкөріс үшін жұмыс қажет болды. Жоба туралы ақпаратты сол өз ауылымда жүріп, әлеуметтік желідегі чаттардан көрдім. Содан «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, жолым болып, 2,5 пайызбен 5 миллион теңге несие алдым. 2023 жылдан бастап жобаның арқасында үлкенді-кішілі мал шаруашылығымен айналысамын. Сүт өнімдерін шығарып, азды-көпті тұтынушыларыма сатамын. Шағын болса да, қазір пайдасын көріп отырмын. Қазірдің өзінде Павлодардан  басқа да өңірден көктем-жаз айларына сүт өнімдеріне тапсырыстар түсіп жатыр. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, жұмысым ақырындап ұлғайып келеді, – дейді жоба жеңімпазы Айгүл Алдангорова.

Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылған сәттен бастап 16 мыңға жуық ауыл тұрғыны жеке кәсібін бастау үшін 2,5% жеңілдікпен шағын несие алған, сонымен қатар бұл 17 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген.