Шымкентте үй өртеніп, әйел көз жұмды

Кісі өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Шымкент қаласындағы Абай ауданында тұрғын үйлердің бірі өртеніп, 1972 жылы туған әйел көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.       

Қайғылы жағдай 17 желтоқсан күні таңғы сағат алты шамасында болған. Қызыл жалыннан орта жастағы азаматша ғана емес 24, 23 және бір жасқа толмаған сәби де зардап шеккен. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді. 

Департаменттің мәліметінше, өрттен үш адам зардап шегіп, ауруханаға жатқызылған, бір адам қайтыс болған. 

"Жану өнімдерімен уланумен (диагнозымен - ред.еск.) үш адам (2000 ж.т, 2001 ж.т., 2024 ж.т.) ауруханаға жатқызылды. Өрт орнынан 1972 жылы туылған әйелдің мәйіті табылды. Өрт сағат 06:44-те оқшауланып, 06:59-да толығымен сөндірілді", - делінген ТЖД хабарламасында. 

Кісі өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

"Аталған жайт бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу іс-шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Іс бойынша тергеу барысы Шымкент қаласы Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасының ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне сай жария етуге жатпайды", - деп хабарлады Шымкент қаласы Полиция департаменті баспасөз қызметінен.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.