Ауыл шаруашылығы саласына жаңа леп боп қосылған лизинг механизмін жүзеге асыратын компанияның осынау мерейлі белесі елімізде аталмыш қаржы құралының іске қосылғанына да ширек ғасыр толғанын білдірсе керек. Ендеше қаржы ұйымының қалыптасу, даму жолындағы белестерінің ішінде биылғы жылдың да алар орны ерекше.
25 жыл және 5 пайыз
2024 жыл тек «ҚазАгроҚаржы» ұйымы үшін ғана емес, еліміздің бүкіл агроөнеркәсіптік кешені үшін де маңызды болды деуге болады. Өйткені компания төмен пайызбен жылдық 5% жеңілдікті лизинг бағдарламасын іске қосты. Бұрын-соңды мұндай мөлшерлеме ауыл шаруашылығы саласында болған емес.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымдарының құрамына кірген болатын. Осы ретте компаниялардың басшылығын әңгімеге тартудың сәті түскен еді. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев Президенттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу міндеті қалай орындалып жатқанын айтып берді.
– Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдемдесу мәселесі –холдингтің маңызды стратегиялық басымдықтарының бірі. Мемлекеттің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау міндеттерін филиал желісі кең әрі лизинг бойынша көпжылдық тәжірибесі бар «ҚазАгроҚаржы» іске асырады. 2023 жылы холдингтің салалық даму институттарының ауыл шаруашылығын қаржыландыру үлесі 63% болды. Қазақстан Үкіметінің қолдауымен компания жоғары деңгейге жетті. 2024 жылы «ҚазАгроҚаржы» лизинг тарихында болмаған мөлшерлемемен, яғни 5%-бен жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске қосты, – дейді ол.
Тағы бір маңызды тұс, «ҚазАгроҚаржы» желісі бойынша биыл жеңілдетілген лизингке рекордтық 120 млрд теңге бөлінген (!). Бұл көрсеткіштер 2023 жылы – 45 млрд, 2022 жылы 40 млрд болған. Бүгінде 3,9 мың техникаға 108,8 млрд теңге сомасына шарттар жасалыпты. Басқарушы директордан соңғы жылдары ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу нарығы қалай өзгергенін сұраған едік.
– Ауыл шаруашылығы – бұл өте тәуекелді бизнес. Ондағы ұзақ өндірістік циклдер коммерциялық банктер үшін қолайсыз. Бұл тұста фермерлер үшін өте тиімді құрал – лизинг. Оның шарттары анағұрлым ыңғайлы. Мысалы, кепілдік қажет емес, өйткені лизинг нысанасы кепілдік болады, қарызды өтеу кестесін жасағанда маусымдылық ескеріледі, яғни негізгі қарыз жылына бір рет, егін жинағаннан кейін төленеді. Қаржыландыру мерзімі ұзақ, өйткені ауыл шаруашылығындағы бизнестің өндірістік циклдары ұзақ. Салықтық жеңілдіктер бар, – деді ол.
1,4 триллион теңге қаржы құйылды
Қазақстанда лизинг қызметінің нарығы 2000 жылдары, «ҚазАгроҚаржы» компаниясы құрылған сәттен бастап дами бастады. Сол жылдары елімізде бар-жоғы 5 лизинг компаниясы жұмыс істесе, қазір олардың саны 66-ға жетті. Осы ретте «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашевтен өзі басқаратын ұйымның 25 жылда жүріп өткен жолына қандай баға беретінін сұраған едік.
– Қазір компания ұсынатын лизинг шарттары барынша қолжетімді. Осы уақыт ішінде 1,4 триллион теңге сомасына 86 мың бірліктен астам техника қаржыландырылып, лизингке берілді.
Бұған дейін ҚазАгроҚаржы, 2006-2017 жылдар аралығында инвестициялық жобаларды қаржыландырумен де айналысқан болатын. Біздің ең алғашқы жобаларымыз, қазір сіздер дүкен сөрелерінен күнде көріп жүрген «Зенченко» және «Родина» брендімен танымал сүт фермаларының өнімдері. Сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігінде ірі жылыжайлар орнату жобалары да болды. Біздің компания инвестициялаған көптеген ірі компания – «Айс», «Садчиковское» сүт өнімдері, «Ордабасы құс» күркетауықтары, «Қазгер Құс» жұмыртқалары, TERRA MEAT ет өнімі, Saumal брендімен құрғақ бие сүті. 2017 жылдан бастап компания агробизнес паркін техникалық жарақтандырумен айналысып келеді. Бүгінде компанияның қызметі тек ауыл шаруашылығы техникасы лизингімен ғана байланысты, – дейді ол.
Компания басшысы осы жылғы негізгі жетістіктерін де атап өтті. Мәселен, 2024 жылдың басынан 10 мың бірліктен астам техника сатып алуға 216 млрд теңгеден асатын сомаға шарттар жасалған екен. Ең маңыздысы, қаржыландырған техниканың 73% пайызы Қазақстанда жасалған машиналар, яки 168,6 млрд теңге сомаға 7 372 бірлік техника алынған.
– Лизингтің жалпы көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 31% пайызға өсті. Бұл көрсеткішке Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша компания іске қосқан лизингтің жеңілдетілген бағдарламаларының арқасында қол жеткіздік. 2024 жылы қаржыландырған клиенттер саны екі еседей өсті. Олар – 4 942 тауар өндіруші, яки өткен жылдармен салыстырғанда 42%-ға артық.
«ҚазАгроҚаржы»-ның осы жетістіктері – біріншіден, ұжымның еңбегі. Осы жылдар ішінде біз көп нәрсені үйрендік, команда ретінде өстік. Әрине, ең бастысы – ол біздің клиенттер, олар бізге сенім артады, жаңа технологияларды сатып алады, өндіріске инвестиция жасайды. Агробизнес жұмысы үшін тұрақты база құру өте маңызды, ал агробизнестің нығаюы, ол ел экономикасының нығаюы, – дейді «ҚазАгро-Қаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев.
Нұрлан ҚОСАЙ