Disney ұсынған озық туынды

Жыл соңында халықаралық студиялардың қазақ тіліне аударған анимациялық фильмдер қоржыны тағы бір туындымен толықты.

Таяуда Ал­маты қаласында Disney сту­дия­сының «Муфаса. Арыс­тан патша» фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті. Жабық көрсетілімге тіл жанашырлары, қоғам қайраткерлері мен депутаттар, дуб­ляж актерлері мен блогерлер, БАҚ өкілдері қатысты.

«Муфаса. Арыстан патша» –  Disney компаниясының биыл қазақ тіліне аударып, дубляж жұмыстарын қаржыландырған үшінші жобасы. Осыған дейін ана тілімізде үлкен экранға жол тартқан «Ойжұмбақ 2», «Моана 2» фильмі аз күннің ішінде кассалық табысы бойынша рекорд орнатқан еді. Нақтырақ айтсақ, дәл қазіргі кезеңде еліміздің кинотеатрларында қаралымы жүріп тұрған «Моана 2» фильмі он екі күннің ішінде жалпы кассалық түсімі 151 миллион теңгеден асты. Әзірге қазақ тілінде дубляждалған фильмдердің арасында оқ бойы озып тұрған «Моана 2» анимациялық фильмінің қазақша нұсқасы бокс-офистердің 12,36% үлесін қамтыды. Әлемдік деңгейде танымал Disnеу студиясы өз фильмдерін әртүрлі мемлекеттердің ана тіліне бейімдеп, дубляж жұмысына қолдау көрсетуі бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Жыл сайын Disnеу студиясы әр фильмнің түрлі тілдегі 30-ға жуық нұсқасын әзірлейді. Ал 2024 жылдан бастап «Қазақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен ірі халықаралық студиялар дайындаған әлемдік премьералар қазақ тілінде «сөйлей» бастады. 

– Қазақ тіліне аударылып жатқан фильм­дерді барынша кеңінен насихаттап, қазақ дубляжын қолдауға шақыруды жалғастыра береміз. Әлемдік студиялардың қазақтілді ортаның қызығушылығы мен нарыққа ықпалын ескеріп, үздік туындыларын өз есебінен аударып, ұсынуы – біз үшін өте жақсы жаңалық. Биылғы әлемдік премьералардың қазақ тіліндегі аудармасы бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіштерге жетті. «Моана 2» фильмінің қазақша нұсқасы осыған дейінгі қазақ тіліндегі барлық анимациялық фильм­нің рекордтарын жаңартты. Бұл – қазақша кино қарауға ықыласты қауымның көбейгенінің белгісі. Алдағы уақытта танымал туындыларды қазақ тіліне аудару жалғасын табады. Бұл тіліміздің тартымдылығын арттыруға және кеңінен таратуға бағытталған тиімді тәсіл деп санаймын, – дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

«Муфаса. Арыстан патша» фильмінде Рафики Симба мен Наланың қызы Киараға Прайд жерлері сүйікті патшасының хикаясы мен патша атану жолында басынан кешкен қиындықтары туралы баяндайды. Адасып, жетім қалған Муфаса патша отбасынан шыққан Така есімді мұрагерді кездестіреді. Така оған жаны ашып, қолдау көрсетеді. Екеуі тағдыр өзгертер саяхатқа аттанып, дұшпандарымен бетпе-бет кездеседі. Сапар кезінде олардың достығы да сынға түседі. Көрермен фильм барысында Тимон мен Пум­бамен қайта қауышады. Шытырманға толы сюжет желісі көрерменін экранға жақындататын фильм жолда кездескен қиын­дық­тарды тайсалмай еңсеру арқылы ғана мақсатыңа қол жеткізу мүмкін екенін, сондай-ақ достыққа әркез адал болу қажет екенін көрсетеді. Тағы бір атап өтерлік маңыз­ды жайт, мюзикл, драма жанрына құрылған отбасылық фильмнің алдағы күндері ауыз толтырып айтарлық көрсеткішті бағындыруы мамандар үшін де аса маңызды. Себебі бұл Disney компаниясымен арадағы келісімнің одан әрі нығаюына, нарықта қазақтілді сапалы контенттің молаюына ықпал етеді. Жабық көрсетілімде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Дулат Тастекейді сұхбатқа тартқан едік. Ол әңгіме барысында фильмді қазақ тіліне дубляждау ісі толыққанды Disney мен Pixar есебінен жүргізілгенін атап өтті. 

– «Муфаса. Арыстан патша» – биылғы жылғы Disney және Pixar киноәлеміндегі мықтылардың өз қаражатынан қазақ тіліне аударған ерекше бір туындысы. Осыған дейін үлкен экраннан көрсетілген туындыларды балаларыммен бірге келіп тамашаладым. Ең біріншіден, қазақ тілінде осындай сапалы дейгейде дубляж жасау ана тілімізге деген қызығушылықты тудырса, екіншіден, біздің қазақтілді аудитория әрбір сеансқа фильмді тамашалауға барған сайын қазақ тіліндегі қаралымның сұранысын арттырып отыр. Біз тамашалауға келген «Муфаса. Арыстан патша» бала күнімізде шыққан туынды еді. Енді міне, отыз жылдан кейін қайтадан келіп, фильмді қазақ тілінде көрейін деп отырмын. Алдағы уақытта аудиторияның фильмге қызығушылығы әлдеқайда жоғары болады деген сенімдемін. Біз неғұрлым қазақтілді өнімдерді қолдасақ, келесі жылы халықаралық студиялардың өз қаражатына аударған қазақ тіліндегі фильмдерін жиі көреміз. «Қазақ тілі» қоғамының осындай игі бастамаларға қолдау көрсетіп, сапалы жұмыс атқарып отырғанына қуаныштымын. Жоспар бойынша мақсатымыз «Қазақ тілі» қоғамының келісімі негізінде биыл үш туындының кинотеатрларда қандай қаралымға қол жеткізетінін көру еді. Егер «Муфаса. Арыстан патша» фильмі де кассалық табысы бойынша жақсы көрсеткішке жетсе, алдағы уақытта Disney және Pixar студияларымен келісімге келуіміз әлдеқайда жеңілірек болады деп ойлаймын, – деді Дулат Тұрсынұлы. 

Фильмдегі басты рөлдердің дыбысын сомдайтын актерлер үшін алдын ала кастинг ұйымдастырылған. Іріктеуде бағын сынап көрген актерлердің арасынан басты рөлдегі Муфасаны дыбыстауға Ерасыл Мұхамадиев таңдап алынды. Дубляж актері осыған дейін үлкен экранда көрсетілген «Ойжұмбақ 2», «Моана 2» фильмінде қосалқы рөлді сом­даған. 

– Ең бірінші бөлімде Муфасаның баласы Симба есейіп, қалай патша болғаны жайлы баяндалады. Сондай-ақ фильмде оған дейінгі хикая, яғни әкесі Муфасаның бала кезі, есею шағы, патшаға айналуы, түрлі оқиғалар­ды бастан өткергені туралы көрсетіледі. Ке­йіп­­керді дыбыстау үшін ең алдымен кас­­­тингтен өттік. Бізді студияға шақырды. Сон­да мен өз кейіпкерімді дыбыстадым. Бұл коман­далық жұмыс болғандықтан, жұмыс про­цесі шамамен бір немесе бір жарым айға со­зылуы мүмкін. Ал жеке өзім кейіпкерімді бір аптаға жуық уақыт ішінде дыбыстап, жұмысты аяқтадым. «Муфаса. Арыстан патша» мультфильмінің осыған дейін қазақ тілінде жарық көрген нұсқасы бар. 2019 жылы фи­льм түрінде бірінші бөлімі шықты. Осы жолы кейіпкерім Муфасаны дыбыстау үшін да­йындық барысында фильмнің бірінші бө­лімін қайта қарап шықтым. Одан бөлек, биыл кинотеатрларда көрсетілген «Ойжұмбақ 2», «Моана 2» жобаларына да өз үлесімді қос­тым, – деді диктор және дубляж актері Ер­асыл Мұхамадиев.

Одан өзге, бас кейіпкерлерді қазақ тілін­де сөйлеткен өнер иелерінің қатарында Ду­лыға Ақмолда, Бақтияр Байсерік, Асан Мә­жіт және вокалды партияларды орындаған Динара Сұлтан, Әбік Жексен, Таир Сахиев және 91 тобының мүшесі Азамат Ашмақын (Ace) бар. Қазақ тіліндегі дубляж режиссері және Таканың сөзі мен әндерін орындаған – Шах-Мұрат Ордабаев. Музыкалық жетекші – Әнел Сіргебаева. 

Фильм аяқталғаннан кейін залдағы көрер­­мен қошемет көрсетіп, балалық шақ­тың ыстық естелігін ана тілінде ұсынуға атсалыс­қан шығармашылық ұжымға ыстық ықыласын білдірді. «Муфаса. Арыстан патша» анимациялық фильмі 19 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрына жол тартады. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы