Жаңа әдісті ойлап тапқан Gameto компаниясының есебіне сүйенген Aikyn.kz инновациялық жаңалықтың мәнін түсіндіреді.
Нью-Йоркте тіркелген Gameto стартапының бас директоры Дина Раденкович экстракорпоралды ұрықтандырудың (ЭКО) «жеңіл» нұсқасын жасады. Осылайша, эмбрионның денеден тыс жетілуіне ықпал етуге дің жасушаларын (стволовые клетки) пайдаланатын инновациялық құнарлылық технологиясының көмегімен алғашқы сәби дүниеге келді. Жаңа әдісті әзірлеген Gameto компаниясы бұл дәстүрлі экстракорпоралды (ЭКО) ұрықтандыруға қарағанда уақытты үнемдейтін, қауіпсіз әрі қолжетімді технология екенін мәлімдейді.
1978 жылы әлемдегі алғашқы «пробиркадағы нәресте» дүниеге келгеннен бері экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) бүкіл әлем бойынша миллиондаған отбасыларға ұрпақ сүюге, ата-ана болуға көмектесті. Бірақ бұл медициналық процедура миллиондаған адамға қуаныш әкелсе де, оның айтарлықтай кемшіліктері бар.
Ал әйелдердің репродуктивті денсаулығын жақсартумен айналысатын Gameto биотехнологиялық компаниясы әзірлеген жаңа құнарлылық технологиясы дәстүрлі ЭКҰ-ға балама және оның кемшіліктері аз. Жақында осы Fertilo технологиясының көмегімен дүниеге тұңғыш сәби келді.
«Біз Fertilo-нің көмегімен дүниеге келген бірінші тірі туылған сәбиді тойлауға қуаныштымыз. Дәстүрлі ЭКҰ-ның ұзақ емдеу циклы, елеулі жанама әсерлері және эмоционалдық, физикалық стресс сияқты қиындықтары бар. Осыларды жеңе отырып, Fertilo отбасылар үшін жылдамырақ, қауіпсіз және арзан шешім ұсынады», – дейді Gameto компаниясының бас директоры және оның негізін қалаушы доктор Дина Раденкович.
Fertilo технологиясы репродуктивті денсаулық саласында түбегейлі бетбұрыс нүктесі болып саналады. ЭКҰ-да iPSC [индукцияланған плюрипотентті дің жасушалары] технологиясы алғаш рет қолданылды, бұл технологияның үлкен әлеуетін көрсетеді.
Адамның өмірге келуінің ғажайып жұмбақ Жаратылысы туралы видео:
ЭКҰ-ға дайындау кезеңі ұзаққа созылады. Жұмыртқаны жинау алдында аналық бездерге тәулігіне бір немесе екі гормондық инъекция салынады. Кейде емдеу цикліне 90 инъекцияға дейін енгізу қажет болады. Инъекциялар аналық бездерді көбірек жұмыртқа өндіруге ынталандырады. Толық ЭКҰ циклі шамамен екі-үш аптаға созылады.
ЭКҰ-ның кейбір кемшіліктері де бар. Өмірдегі көптеген нәрселер сияқты, жүктілікке кепілдік бермейді. Көпжүктілік қаупі бар, бұның өз қиындықтары бар. Сонымен қатар гормондық инъекциялар аналық бездер ісінетін және ауыратын гиперстимуляция синдромын тудыруы мүмкін.
Ерлі-зайыптылар тұрақты тексерулер, инъекциялар және «мен жүктімін бе?» деген сұраққа байланысты физикалық және эмоционалдық стресте болады. Әрине, ЭКҰ құны да айтарлықтай жоғары.
Мысалы, АҚШ-та ЭКҰ-дың бір циклының құны $14,000 және $20,000 арасында. Аустралияда үкімет қаржыландыратын медициналық сақтандыру бағдарламасы (Medicare) шығындардың бір бөлігін жабады. Нәтижесінде, ЭКҰ-дың бір циклы үшін 3 800 АҚШ долларынан асатын шығындар шығады. Қазақстанда бұл шығындар 500 000 – 800 000 теңгені құрайды.
Мына видеода Gameto-ның Fertilo процедурасының барлық кезеңдері көрсетіледі:
«Жұмыртқаларды организмнен тыс ең аз гормоналды араласу арқылы пісіп-жетілу мүмкіндігі аналық бездің гиперстимуляциясы синдромы сияқты тәуекелдерді айтарлықтай төмендетеді. Гормондардың жоғары дозаларынан туындайтын жанама әсерлерді азайтады», – дейді перулік Pranor Laboratories зертханасының басшысы доктор Луис Гузман.
Луис Гузман алғаш рет Fertilo процедурасын қолданып, тірі сәбиді өмірге әкелген жетекші дәрігер. Оның айтуынша, Fertilo – дәстүрлі ЭКҰ-дың ауырлығын көтере алмайтын немесе оны қаламайтын әйелдер үшін үлкен жетістік, жаңа технология пациенттердің ауқымды тобына үміт пен мүмкіндік береді.
Перудің Лима қаласындағы Санта-Изабель клиникасында дүниеге келген әлемдегі алғашқы «Fertilo сәбиінің» анасы ең бақытты екенін айтады.
«Fertilo әдісінің дәстүрлі тәсілдерден артықшылықтары бар. Аз инъекциялар және жұмсақ, аз инвазивті жұмыртқаны алу процесі арқылы маған үміт пен сенімділік берді. Fertilo-ның инновациялық тәсілі физикалық тәжірибені, сондай-ақ көптеген гормондық инъекциялардың эмоционалдық ауыртпалығын жеңілдетеді. Мен дәрігерлер командасына қамқорлықтары мен отбасылық арманымды жүзеге асырғандары үшін шексіз алғыс айтамын», – дейді бақытты ана.
Өткен аптада Gameto аустралиялық IVFAustralia (IVFA) ЭКҰ клиникалық желісімен серіктестік туралы келісімге қол қойған. Енді Fertilo әдісі бүкіл ел бойынша таңдаулы клиникаларда пациенттерге қолжетімді болады. Gameto-ның Аустралияда, Жапонияда, Аргентинада, Парагвайда, Мексикада және Перуде Fertilo технологиясын қолдануға реттеуші органдар берген рұқсаты бар. Келесі кезекте АҚШ болуы мүмкін, онда компания 3-кезең сынақтарына дайындалуда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.