Университет басшылығы студенттерге Қарағандыда бар екі оқу орнын ұсынған. Сонымен қатар олар қалауынша басқа қалаларда да оқи алады. Оқу орнының басшылығы университет жанындағы колледжді жабу осыдан екі жыл бұрын жоспарланғанын айтады. Сол кезде-ақ абитуриенттерді қабылдау тоқтапты. Қалғанын оқытып шығаратын болған. Бірақ оқу ордасында биыл қайта ұйымдастыру жүрген. Сондықтан барлық лицензияны қайта алуы керек. Ал жақында жабылайын деп жатқан колледж жаңа талаптарға сай келмейді. Студенттермен қатар 22 педагог қысқартуға ілінді.
– Біз дәрігерлерді даярлау мен жоғарғы оқу орнынан кейінгі даярлыққа мән береміз. Ал орта кәсіби білім беру мен дайындау бізге қиындау болып тұр. Бұл медицина университетінің негізгі бағыты емес, – дегенді алға тартты Қарағанды медициналық университетінің проректоры Қуатбек Төлеубеков.
Ал дәріс алушылардың айтары басқа. «Алғашында 4-курсқа дейін оқытамыз, медициналық колледжіміздің дипломын аласыздар деп айтты. Әрине, ренжідік, өйткені олар оқуды осы жерде бітіресіңдер деп уәде берді», – дейді студент Ангелина Гирковая.
Облыс әкімдігі университет тарапынан студенттер арасында қажетті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізілмеуі студенттер мен оқытушыларға қосымша қиындықтар туғызып отырғанына алаңдаушылық білдірді. Әкімдік студенттер мен жұмысшылар үшін келеңсіз зардаптарды барынша азайту және оқу үдерісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізетін болады.
Облыс әкімінің орынбасары Ораз Таурбековтің жетекшілігімен мәселені шешу жұмыстары жүргізілуде, атап айтқанда студенттерді басқа медициналық колледждерге ауыстыру және колледж оқытушыларын жұмысқа орналастыру шарттары талқылануда.
Сонымен, 218 студент басқа медициналық колледжді аралап кетті. Оқушылардың ата-аналары заңгер жалдап әділдік іздеуде.
«Біз бұған психикалық тұрғыдан дайын емеспіз. Бәріміз бір-бірімізге үйреніп қалдық. Мен бұл колледжді таңдадым, өйткені мен медицина саласында оқығым келді әрі шетелде оқуды көздедім. Егер мен Интерколледжге немесе Жоғары колледжге ауыссам, мұндай мүмкіндік болмайды», – дейді 3-курс студенті Алдияр Әлімғазиев.
Сонымен қатар оқуын жақсы меңгеріп алған студенттер алдағы сессияға дайындықты да бастап кетсе керек.
«Қазір біз қысқы практикаға, емтиханға, сессияға дайындала бастадық. Әрі қарай не болатынын елестете де алмаймыз. Енді қайда барарымызды білмейміз», – дейді Юлия Денкова.
Армандары асқақ жастар осы оқу орнын толыққанды, лайықты білім алу үшін таңдаған. Өйткені колледж беделді болған екен. Студенттер колледждің өңірдегі ірі компаниялардың бірімен ынтымақтаса жұмыс істеп, жоба дайындап, бір жарым жыл оқығандарын да жеткізді.
Университет басқармасы болса колледждің жабылуын түсіндіріп әлек. Оқиға 2019 жылы медициналық университет Ұлттық кәсіби денсаулық және кәсіптік аурулар институтымен біріктірілген кезде басталған.
«Енді лицензия алуымыз керек болып шықты, бірақ бізде екі жылдан бері студенттер қабылданбағандықтан, оны ала алмаймыз. Бұл қазірдің өзінде біліктілік талаптарының бұзылуы деп саналады және уәкілетті орган бізге лицензия бермейді. Екінші жағынан, бізде бұл екі курсқа оқытушылар жоқ. Шындығы сол, егер қабылдау болмаса, мұғалімдер де жоқ. Біз талапқа сай емеспіз, жұмысты жалғастыра алмаймыз. Бірақ заңға сәйкес біз белгілі бір сабақтастықты ұйымдастыруымыз керек және студенттерді басқа білім беру ұйымдарына ауыстырамыз», – деп түсіндірді Қарағанды медициналық университетінің проректоры Қуатбек Төлеубеков.
4-курс студенті Жұлдыз Керімқұлованың анасы болса: «Керек болса Президентке барамыз. Үшінші және төртінші курстағы балалардың бүкіл легі колледжден қуылады! Ал тоғызыншы курстан кейін балалар сол жерде әрі қарай оқуға, жоғары білім алуға мүмкіндік болсын деп, медициналық академияның жанындағы медициналық колледжге мақсатты түрде түстік... Түсінгенім, олар бірінші немесе екінші курсқа түспеген. Бірақ олар үшінші немесе төртінші курсты аяқтауы керек! Неге біз енді Интерколледжге немесе басқа колледжге баруымыз керек? Біріншіден, бұл – мүлдем басқа деңгей. Жасыратын не бар? Медициналық академия жанындағы медициналық колледж – ол тіпті Германияда да бағаланады. Қарағандыдағы басқа колледждер туралы айтуға болмас», – деп жанайқайын жеткізді.
Не болса да ертерек қамданбаған Қарағанды медициналық университетінің басшылығына бұл ауыр сын болмақ. Ал сабылған студент қайтпек?
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы